RSS

Мартбек ағадан қалған мұра

30 Mar

АМАЛ

Мен жақында газеттен бе, жоқ әлде кітаптан ба әйтеуір бір қағаздан: «Арақ-ардың ажалы, ақшаның тажалы» деген мақал оқыдым. Қатты айтылыпты. Содан бері арақты көрінген жерде ішуді қойдым. Бір әйел үшінші рет күйеуге тиіп бара жатып: «Апырым-ай, өстіп жүріп бұзылып кетер ме екенмін» деп уайым жеген екен. Сол сияқты мен де ішкіш болып кетермін деп қорықтым. Қазір тек қонаққа барғанда ғана ішемін. Арымды ойлап белгілеп алған мөлшерім де бар. Ал ақшам азаяды деп уайымдамаймын. Өйткені қонақта арақ тегін. Қонаққа барғанда әркім өз шамасына қарау керек. Мәселен, менің шамам 12 рюмке. Оның өзінде 1-ші және 12-ші рюмкені ішпеймін. Себеп: бірінші ауыр ішіледі. Ал соңғы қашанда артық. Айтпақшы, масайып қалмағанымды тексеріп отыратын тағы бір амалым бар. Өзімнен-өзім сезіктене бастағанда „регулирую,, деген сөзді айтып көрем. Егер оңай айтылса ішуді жалғастыра берем. Айта алмай тілім күрмелсе „тізгін тартуға,, өзге ішіп отырғандарға қызығып қарап отыруға тура келеді. Бұл амалды досым Нұржан үйреткен. Бұрын әйелім ойлап тапқан басқа амал болатын-ды. Бірақ ол маған ауырлау тиюші еді. Егер артық ішкенімді аңғарса ол аяғымды шымшып алатын.  Әбүйір болғанда әйелімнің абыройын айрандай еткен бір оқиғадан кейін бұл тәсіл қолданылмайтын болды. Бірде қонақта әйелім шатастырып оң жағында отырған менің емес сол жағындағы басқа біреудің аяғын шымшып алды. Ана байғұс оршып түсіп, „ойбай, үстел астында жылан жүр, аяғымды шағып алды,, деп бақырып далаға зыта жөнелді. Отырған жұрт үдере тұрып бақырып-шақырып, бірін-бірі итермелей әлгінің соңынан кетті. Көппен бірге тұтып кеткен үй иесі бірінші болып есін жиды да ептеп басып үйге кіріп үстел астын тегіс тексеріп шықты. Жылан табылмады. Бірақ қонақтар үйге қайтып кіре алмады. Содан бері шымшудан көзім ашылды-ау. Бірақ бәрібір әйелімнің мен қолыма рюмкені алған кездегі алакөздеуінен құтылған жоқпын. Өңменіңнен өтеді ғой шіркіннің көзі. «Әй, мен бұрынғыдай көрінген жерде емес қонақтарда ғана ішіп жүрмін ғой» десем «сен қазір мәдениетті ішкішсің» дейді. Шынымды айтсам мәдениетті деген сөзі ұнайды. Бұрынғы «алқаш» дегеннен көп жақсы. Қазір мен қонақта алаңсыз ішудің керемет амалын таптым. Үй иесіне барған бетте «алып қойыңыз деп көбірек қыстамасаңыз тәбетім ашылмайды» деп өтірік әзілдеген болып ескертіп қоям. Дастархан басында ол әрине «ішіп отырыңыз, алып қойыңыз» деп қайта-қайта айтып бәйек болады. Бір жақсысы мұндай кезде әйелім үндемейді. Кейде өзі де «айтқыза бермей алып отырсаңшы» деп үй йесін қостайтыны бар. Ондайда менің асығым алшысынан түсті дей беріңіз. Тағы бір амалым туған-туыс, тамыр-таныстың туған күндерін тегіс жазып алғам. Күнтізбені күнде бір сүзіп шығып туған күні келіп қалғандарға телефонмен тілекті жаудырамын. Уақыт тауып кіріп шығармыз деп емеурін білдіруді де ұмытпаймын. Осыдан кейін қонаққа шақырмай көрсін. Жалпы біздің халық қонақшыл ғой, дәстүріңнен айналайын! Ал қазақтың қонағы арақсыз

АНТ

Қазақ тілінің қадірі жоқ қалаға Бопыр алғаш келгенде басынан бір хикая өткен еді. Сол есіне түссе немесе біреулер айтса ол кәдімгідей шамданып қалатын. Міне, арада 30 жыл өткенде баласы айтқан анекдот оның есіне сол оқиғаны түсіріп ызаланып отыр…

Пойыздан түсіп құмырсқаның илеуіндей сапырылысқан қала тірлігіне жатырқай қараған ,,қара домалақ,, маңайдағы жұрттан имене басып келе жатқанда әкесі айтқан N5 автобус жақынырақ келіп тоқтады. Дүркірей ұмтылған көппен бірге таласа-тармаса автобустың ішіне кіргенде ауылдағы Бықияштан аумайтын бір әйел ұшыраса кетті. Бөтен жерде ауылдастың жөні бөлек қой. —Тәте, сіз қашан келгенсіз,-деп қүшақтай алды. „Тәтесі,, шыңғырып оршып түсті. Бопыр түкке түсінбей көзі жыпылықтап тұрып қалды. Сасқанынан „кешіріңіз, кешіріңіз, сізді бір тәтемен шатастырып…,, деп түтығып сөйлей алмады. Қалалық тәтей қайдағы бір бөтен баланың жұрт алдында бас салып қүшақтағанына, онымен қоймай қазақша сөйлегеніне күйіп кете жаздады. Бетінен ит жалап кеткендей шаптығып орысша сыбап жатыр. Оған жауап беруге Бопырда дәрмен жоқ. Қалаға келмей жатып мынандай бәлеге ұрынғаны жанына қатты батты. Баратын жеріне әлі жетпесе де автобустан түсіп қалды. Көкіректі кернеп кеткен өксік көзінің айналасына жас боп үйірілді. Жең үшымен бетін сүртіп ,,үһ,, деп күрсінді. Жапырлаған көп қабатты үйлер тынысын тарылтып, еңсесін езіп барады. Ерсілі-қарсылы ызғытқан мәшинелер де мазасын кетірді. Кері бұрылып бәріне қолды бір сілтеп ауылға кетіп қалғысы келді. Жабырқап жан-жағына қараумен ұзақ түрды. Бірақ, бұдан „қарағым, қайдан келдің, қайда баратын едің,, деп жөн сұраған жан болмады. Өзі сұрайын десе „қаланың тілінен,, хабарсыз. Сабылған көптің ішінде жалғызсырап қала берді ауылдың баласы…

Сол жолы күні бойы сенделген Бопыр қалалық жамағайынның үйін таба алмасына көзі жеткенде бір қазақтан батылы барып жөн сұраған екен. Қырсыққанда ол қазақша білмейтін болып шығады. Қандастар өз тілдерінде бір-бірімен түсінісе алмай әбден діңкелеген кезде Бопыр өмірінде бірінші рет орысша сөйлейді. „Живот знает, язык не хватает,, деген екен. Арнайы тарихта қалсын деп айтқандай осы бір сөз талай уақыт өтсе де соңынан қалар емес. Өмір деген қызық қой, қалаға келгенде тұңғыш тілдескен сол бір адаммен Бопыр жолдас болып кетті…

Қазақша бір ауыз сөз білмейтін ерке үлы Арман ауылдан келген бір аңқау қазақтың автобустағы аңғалдықтарын айтып ескі жараны „тырнап,, отыр.

Автобустарда абонементтерді пайдаланатын 90-шы жылдардың бас кезі болса керек. Автобус іші толған жолаушылар. Көпшіліктен өтіп барып өзі тесіп алуға мүмкіндігі болмаған бір қалалық „передайте,, деп ауылдан келген аңқауға абонементті берсе анау түкке түсінбей бетіне бажырая қарапты. Қалалық тағы да „передайте,, деп компостер-тескішті иегімен нүсқайды. Қолына абонементті алып әр жағына қараған ауылдық ашық тұрған терезені көреді. ,,Е, мына қағазды лақтырып тастай сал деген екен ғой,, деп ойлаған ол, терезеден абонементті ытқытып жіберіті. Ал келесі бір жолы автобуста абонементті тесіп жіберші деп өзге біреуден өзінің де өтінуіне тура келіпті. Орысша қалай айтарын білмеген ол алдында тұрган адамға „Шұрық-шүрық сделайте,, деген екен, деп Арман ішін басып қарқылдап күлді. Манадан бері үн-түнсіз тыңдап отырған Бопыр орнынан атып тұрды да баласын жақтан тартып жіберді. ,,Ей, боқмұрын! Сен ауылға барып өмір сүріп көр! Сен ауыл туралы не білесің қаланың қуыршағы! Сен, сен… Көмейіне тығылған өксік Бопрыдың одан әрі сөйлеуіне мұрша бермеді. Қыстығып, тұрған жеріне сылқ етіп отыра кетті.

,,Қандай қиын болса да орыс тілін жете меңгеремін! Балаларымды қор қылмай орысша оқытамын,,-деп осыдан 30 жыл бұрын үйдің қабырғасын жұдырығымен ұрғылап тұрып ант берген Бопыр, енді тағы да бір ант берудің кеш екенін ұқты.

Ақырзаман айдаһары

Сахнаға оқушы бала шығады.

Баласы: Ешкім өз әкесін   жамандамайтын шығар.  Ал мен жамандайын деп тұрмын.  Неге дейсіздер ғой? Өте мазасыз.   «Әй ұл сабағыңды оқыдың ба? Мектепте ешкіммен төбелескен жоқсың ба? Мұғалімдерді алдап жүрген жоқсың ба? Одан қала берсе болды арқамды сипап жіберші,  е-е-е әй айналайын, жауырыным-ды…  ах-ух. Тұтасып тұрған бір құяң бар-ау, беліме таман”… Қойшы әйтеуір не керек тыным бермейді. Ойбай, әне өзі де келе жатыр,  қазір тергеу  басталады.

Ыңырана басып әкесі келеді. Мойнында шоқпардай галстук. Қолтығында папкісі  бар.

Әкесі: Әй, ұл сабағыңды оқыдың ба?

Баласы: Оқыдым папа.

Әкесі: Апыр-ай осы сен қай жерде жүріп оқисың ей? Қашан көрсем доп қуып далада жүресің?

Баласы: Оқыдым дедім ғой енді…

Әкесі : Қазір көреміз қаншалықты окығаныңды. Мен  сұраймын сен жауап бересің. Егер бір сұрақтан мүдірсең төбе құйқаңды шайнаймын. Түсіңдің бе?

Баласы: Әміріңізге құлдық,  әке. Мен    дайынмын.

Әкесі: Тәк,   бірінші әдебиеттен бастаймыз.   Сұрағымды жақсылап тыңдап ал!  Әдебиеттің неше түрі  бар?

Баласы: Әдебиеттің екі түрі  болады.

Әкесі: Дұр-е-е-с. Кандай,  қандай?

Баласы: Ауыз әдебиеті және жазба әдебиет. Жазба әдебиетке мысалы мына сізді жатқызамыз.

Әкесі: Е,  неге?

Баласы: Сіз кітап жазасыз ғой.

Әкесі: Мамаң ше?

Баласы: Ол ауыз әдебиетінің өкілі  болады,

Әкесі: Неге,  ол жазбайды ғой?

Баласы: Дұрыс қой,  ауыз әдебиетінде ауызша ғой. Былайша айтқанда фольклор. Мысалы менің мамам маған ертегі айтып береді. Ал көрші әйелдерге өсек айтады…

Әкесі: Әй,  не деп тұрсың  сен?

Баласы: Өтірік емес қой…

Әкесі: Болды, болды.  Жақсы. Әдебиетті  біледі екенсің, екінші сұраққа көшеміз. Тәк, жағырапиядан көрелік.   Ім-м, Африка дегеніміз не?

Баласы: Күні үнемі ыстық болып тұратын, қыс дегенді  білмейтін, қалың киім кимейтін, негр деген ұлты бар жер.

Әкесі: Әй,  негрің не сенің? Африкада бірнеше ұлттар тұрады.

Ол материк,  қазақша айтқанда құрлық. Қане,  дүниежүзінде қанша құрлық бар,  соны айтшы?

Баласы: (сауақтарын бүгіп санай бастайды). Америка,  Африка,Евразия, Қазақстан…

Әкесі: Әй, су ми,    тоқтай тұр. Қазақстаныңа жол болсын?

Баласы: Өзіңіз емес пе жаңа,  Африкада неше түрлі ұлттар бар деген.  Біздің Қазақстанда да көп ұлттар тұрады. Ұмытпасам жүзден аса ұлттардың мекені дейді.  Демек ол да материк.

Әкесі: Тоқтат!  Мисыз!  Мынауыңды ешкім естімесін.

Баласы: Өтірік емес қой,  ол аздай біздің Алматыға да жер-жерден небір ұлттар келіп жатыр. Амандық болса Алматы да өз алдына бір материк болады әлі.

Әкесі: Доғар дедім ғой мен саған! Қарашы-ей мұның білгішін. Жағырапиясы  құрысын,  келесі сұраққа   көшеміз. Ендігі сұрақ зоологиядан. Адам сүт қоректілер класына (яғни омыртқалылар) жатады ма, жоқ әлде бауырымен жорғалаушылар тобына жатады ма?

Баласы: Екеуіне де жатады.

Әкесі: Оны кім айтты саған?

Баласы: Мысалға мына сіз, папа,  қазір сүт қоректілер класына жатасыз.  Ал ішіп алғанда бауырыңызбен жорғалайсыз.  Дұрыс па?

Әкесі: Қысқарт!  Оңбаған!  Менен басқа мысалға алатын адам құрып қалды ма?

Баласы: (басын сипап) неменеге ренжисіз, шын ғой папа.

Әкесі: Адам тек сүт қоректілерге жатады.  Сүт қоректілердің ішіндегі ең акылдысы.

Баласы: Ең ақылсызы да адам ба деймін.

Әкесі: Әй қой дедім ғой мен саған.  Болды адамы құрысын. Тарихтан не білесің?

Баласы: Бәрін білемін.

Әкесі: Қоғам туралы айтшы,   неше қоғам бар?

Баласы: Көп қой.

Әкесі: Айтсаңшы енді!?

Баласы: (саусақтарын бүгіп санай бастайды)“Жерұйық”, “Ақиқат”, “Азамат”,   “Шаңырақ”..

Әкесі: Әй,  су ми. Мен сенен социалистік,  капиталистік қоғамдарды сұрап тұрмын.

Баласы: Папа,  ондай қоғамдар жоқ.

Әкесі: Е,  енді қандай қоғамдар бар?

Баласы: Халқын асырай алатын және асырай алмайтын қоғамдар болады.

Асырай алмайтыны,

абырой алмайтын.

Неше түрлі Заң шығарып,

оны жүзеге асыра алмайтын.

Полигонда бомба жарып,

зардап шеккен халықты

Зиянсыз деп алдайтын.

Әкесі: Ойбай,  доғар! Масқара,  масқара!   Сен күйдіргі мына түріңмен менің   түбіме жетесің-ей.   Бар жоғалт көзіңді!

(Баласы кетіп калады.  Өз басын өзі сығымдап мең-зең болып тұрып қалған ол елге қарап) О, құдай! Ақыр заманның айдаһары деген осы екен ғой?!..»

АРЫСТАННЫҢ АЙЛАСЫ

Түн ортасы болғанда,

Ай дөңгелеп толғанда,

аң біткенді жинады

Арыстан патша орманда.

Аң-таң болып барлығы,

«бұл не қылған жарлығы»-

деп сұрасты дүрлігіп,

«мұның қандай бар сыры».

Шырт ұйқыны бұзардай,

Асығыстық қылардай,

Не болғанын соншалық

қиналды бәрі біле алмай.

Арыстан болса саспады.

Маңғаз қалпын сақтады.

Жағалай қарап алды да,

Былайша әңгіме бастады:

«Уа, бауырлар, тыңдаңдар!

Өкпе-реніш қылмаңдар!

Шүғыл жиған себебім,

осы түнде бір мән бар.

Жаратқан бізді иеміз,

қүдыреті күшті киеміз

түсірді көктен бір ағаш,

соны бәріміз сүйеміз.

Шапағат тиіп ағаштан,

оңалар тірлік мұң басқан.

Бұл жайға куә болады,

осынау түнгі сырлы аспан!»

Иланып патша сөзіне,

кезекке тұрып тізіле

андар ағашты жалады

жақсылық тілеп өзіне.

Ойлайтын бәрін алыстан,

қулығы артып Арыстан,

қарап тұрды мысқылдай

аңдарға ағашқа жабысқан.

АҚЫМАҚ ҚОРАЗ

Тауық үшін екі қораз төбелесті.

Бірі кәрі, бірі жас-өте күшті.

Қан болып кәрі қораз қашып кетті,

Тауықтар алдындағы бедел түсті.

Алды-артына қарамай зытып тұрды.

Жан сауғалап кетті асып талай қырды.

Өне бойы қалшылдап үрей билеп,

Бір тастың тасасына жасырынды.

Отыр енді намыстанып ыза кернеп,

«Қартайған екенсің»,-деп өзін жерлеп.

Таласып жеңе алмасын білген кәрің,

Дұшпанын айламенен болды жеңбек.

Сүйретіліп жас қоразға барды таяу,

Қабақ сәлең қимылы мүлде баяу.

Мүләйімсіп, күмілжіп сөз сөйледі,

Бұрынғы айбары жоқ көңілі қаяу.

«Батырым, сенің күшің басым түсті,

Тегеурінді екенсің өте күшті.

Өзіңе менің ақтық тілегім бар,

Айтқанымды түсініп рахым етші!

«Сөйле»,-деді жас қораз масаттанып,

Кәрі қораз сиқын көріп тұр шаттанып.

«Орындаймын кез-келген тілегіңді,

тауықтардан кетсең болды жырақтанып».

«Олай болса қашайын сен қу мені,

Тауықтар риза болсын көріп сені.

Жетіп алсаң тағы да бір таларсың,

Құп алсаң соңғы тілек осы»,-деді.

«Қаш»,-деді де жас қораз қуып берді.

Кәрі қашты бұрқырап маңдай тері.

Бірін-бірі екі қораз қуалап жүр,

Міне қызық, үй иесі мұны көрді.

«Ақымақ тауық қумай қораз қуған,

Жынданған болар тегі мына антұрған.

Пайдасынан зияны басын шауып,

дұрысы »,-деді, «мұны қуырдақ қылған».

Сөйтті де жас қоразды ұстап алды.

Апарып жаңғырыққа басын салды.

«Тауыққа да, маған да пайдаң жоқ»,-деп,

Айбалтаны аяусыз сілтеп қалды…

Денесінен айрылған басқа келіп,

Кәрі қораз былай деді, мәз боп күліп:

«Бірді жығар білегің болған жақсы-ау,

мисыз болмау керек тегі күшке сеніп».

БӘЛЕНІҢ БӘРІ ӨЗІМІЗДЕН

Сахнаға олпы-солпы киінген, басына ебедейсіз тарта салған орамалы бар, сықпытынан салақтығы аңғарылатын әйел шығады.

Салақ әйел: Екі күн болды күйеуім үйде жоқ, ылғи осы жоғалады да кетеді. Қайда жүрсің деп сұрасам «ойбай, кемпір, сен үндеме. Мен бизнеспен айналысып жүрмін. Сен әлі шылқыған байдың бәйбішесі боласың» дейді. Өтірік пе, шын ба білмеймін. Тұрмысқа шыққаныма бес жыл болды, төртінші балаға аяғым ауыр. Бала табудан жалықтым. Күйеуім: «таба бер батыр ана боласың» дейді. Білмеймін батыр бола аламын ба? (Солқылдап жылайды) Осы кезде әр жақтан ұқыпты киінген бір келіншек келеді.

Ұқыпты әйел: Әй, сен тағы да сораңды ағызып тұрсың ба?

Салақ әйел: Онда сенің жұмысың қанша?

Ұқыпты әйел: Әй, сорлы-ау! Сен осы өзіңе-өзің дұрыс қарамағандықтан сорлап жүрсің ғой. Сенің ана маңдайыңдағы бақырайған көзіңді баяғыда шөп жауып қалған. Ұқтың ба?

Салақ әйел: Не-ме-не? Не деп жұмбақтап тұрсың-ей сен?

Ұқыпты әйел: Байың қайда?

Салақ әйел: Қайда болушы еді, бала-шағаның қамын ойлап шағын бизнеспен айналысып жүр.

Ұқыпты әйел: Атаңның басы бизнес! Бизнес дейді ғой! Ол екі күннен бері ауданда бас қа қатынның қойнында жатыр.

Салақ әйел: Ойбай,не дейді? (Дауыс айтып жылайды). Құдайым-ай, байымнан тірідей неге айырдың? Төрт баланы не істеймін?!

Ұқыпты әйел: Зарлама, көзің аққыр!

Салақ әйел: Қоя тұршы-ей, тым болмаса жөндеп жылап алайын.

Ұқыпты әйел: Әй, қой деймін енді! Көздің жасы көмек болмайды саған. Одан да ана байыңды босағаға жіпсіз байлаудың жолдарын қарастырайық.

Салақ әйел: (Тағы да дауыстап жылайды). Ойбуй, қалай, қалай? Оны мен енді ұстай аламын ба? Кетті ғой, кетті…

Ұқыпты әйел: (Ашуланып айқай салады). Әй, қатын! Болды енді, сүрт ана көзіңді!

Салақ әйел: (Мұрынын қорс-қорс тартады да). Қойдым, қойдым. Айта бер.

Ұқыпты әйел: Әуелі жақсылап жуын! Содан кейін үйіп-төкпей қонаққа киетін жақсы киімдеріңді ки! Ана басыңдағыны таста! Содан кейін әтір себуді ұмытпа!

Салақ әйел сүйретіле басып кетеді. Осы кезде ұқыпты әйел жұртқа қарап: «Апыр-ай, жап-жас болып сексенге келген кемпірден жаман. Топырлатып бала тапқанына мәз, сорлық неме! Байы бағалай білмесе неменеге әуре болады екен?

Байың бойын алшақ салса бәлені бәрін өзіңнен ізде! Біріншіден, салақтығың; екіншіден, ызыңдап көп сөйлеп мазасын кетіруің; үшіншіден, үйіңдегі дүние мен дастарханыңда берекенің болмауы; төртінші, төсектегі төмен қабілетің; бесінші, беттің ажары; алтыншы; (өз денесін екі қолымен сипап көрсетеді) бойдың базарын сақтай білу; жетінші жігіттің назарын аңдай білу! Міне, осы жеті қағиданы қатырып (бас бармағын шошайтады) орындаған қатынға ескерткіш қоюға болады».

Осы кезде жөндеп киінген салақ әйел талтаңдай басып келеді.

Ұқыпты әйел: Әй, ойбай, мынауың не? Ана аяқтарыңның арасын кішкене қоссаңшы. Қатты келген мәшине өте шығатындай ғой. Бері кел әуелі мен саған жүруді үйретейін. (өзі бөксесін бүлкілдетіп олай-бұлай жүріп көрсетеді. Салақ әйел біраз әуреленеді де үйреніп алады).

Ұқыпты әйел: Тәк, жап-жақсы үйрендің. Енді сөйлеуді үйренесің

Салақ әйел: Кетші әрі, мен сөйлеу білемін ғой.

Ұқыпты әйел: Әрине білесің. Бірақ сенің сөздерің төбеден түскендей. Әйелге тән әдемі дауыспен назданып сөйлуің керек. Дөрекі былапыт сөздерді лексиконыңнан мүлдем алып таста. Бұл бірінші философия түсіндің бе?

Салақ әйел: Түсіндім. Түсіндім.

Ұқыпты әйел: Түсінсең бүгіннен бастап байыңа, балаларыңа және басқаларға өте мәдениетті сөйлейтін бол!

Салақ әйел: (Оң қолын шекесіне қойып «құп болады жолдас командир» дейді).

Ұқыпты әйел: Тамаша! Енді бұл тақырыпқа оралмаймыз. Келесі сабағымыз шашты және бет-әлпетті тәртіпке келтіру. (Ұқыпты әйел қолындағы сөмкесінен тарақ алып салақ әйелдің шашын ретке келтіреді. Содан кейін опа-далап алып бетін бояйды).

Ұқыпты әйел: Қарашы, өзіңді күтсең әп-әдемі әйелсің. Ерке атаулы ғашық болатындай көркің бар.

Салақ әйел: (Барынша майысып). Қойшы әрі!

Екеуі мәз болып құшақтасады.

Ұқыпты әйел: Осыдан қара да тұр, күйеуің саған қайта ғашық болады.

Салақ әйел: Айтқаның келсін. Мен саған ризамын.

Ұқыпты әйел: Қазір күйеуі кіріп келгенде өтірік аңғармаған сыңай таныт. Көрейік мынадай әдемі әйелді қалай менсінбегенін.

Салақ әйел: Сен не істейсің?

Ұқыпты әйел: Мен ана перденің артына жасырына тұрамын.

Ұқыпты әйел перденің артына жасырынады. Осы кезде салақ әйелдің күйеуі келеді.

Күйеуі: Әй, қатын, қайдасың?

Осы кезде әйелі күйеуіне көзінің қиығымен еркелей қарайды. Күйеуі селк ете түседі де таңдана қалшиып тұрып қалады.

Күйеуі: О, жаратқан, мынау менің сүйгенім бе?

Сүйгенімді бағаламай жүргенмін бе?

Келші бермен, құшағыма енші жаным!

Ес қалмады дәл қазір менде мүлде!

Әйелі жақындап келген күйеуіне қарамай, еркелей басып әрі қарай жүреді. Осы кезде күйеуі бір тізерлеп отыра қалып әрі жалғастырады.

Күйеуі: Бір өзіңнен басқа ешкім керек емес.

Мен үшін қол жетпейтін сен бір елес!

Жүрші, жаным, қыдырайық қол ұстасып,

Жастық шақ өтіп кетсе қайта келмес!

Әйелі жүгіріп барып күйеуінің мойнына асылады. Күйеуі құшақтап сүйеді де лып еткізіп көтеріп алып кетеді. Осы кезде жасырынып тұрған ұқыпты әйел ортаға шығады.

Ұқыпты әйел: (Жұртқа қарап). Міне, көрдіңіздер ме? Менсінбей жүрген байы аяқ астынан ақын болып сайрап кетті. Бәленің бәрі өзімізде қатындар! От басы ошақ қасында отырғанымыз дұрыс қой, бірақ өзімізді өзіміз күте білуге, құрметтей білуге және еркектерге құрметтете білуге тиіспіз! Әйелдің әйелдігі де сонда емес пе?

Ауырмайтын адам жоқ

Адаммен бірге ауру жер бетінде қоса жаралды   ма,  әлде бертінде  пайда болды ма, ол тек бір Аллаға аян. Ауырмайтын адам болады десеңіз, сенген адам ақымақ, не айтқан өзіңіз ақымақсыз. Дегенмен Бопырдың ес білгелі ауырып көрмегенін ауылдағылар аңыз етіп айтып отыратын еді. Бейшараға көз тиді ме, әлде суық тиді ме, жақында ол да ауырып көрді. Ауырғанда да сұлық  түсті. Басы солқылдап ,өне бойы қалшылдап,тілі байланып қалғанда, қатты үрейленсе керек, «мен нағыз коммунистпін» деп өмір бойы құдайға қарсы «соғыс» ашып келген Бопыр кейінгі кездері «биссмиллә» деп бастап, бірдеңелерді күбірлеп жүретінді шығарыпты.

Сол жолы барша ауыл болып бетіне қарап отырған жалғыз дәрігер Айқыш келіп, қыз күнінен  бергі «жолдасы» демтыңдағышын құлаққа іліп алып, Бопырдың қойыны-қонышына тыққылап, қабағын түйіп, көзін жұмып, еріндерін дүрдитіп ұзақ тыңдағаннан кейін «ауданға дереу жеткізу керек» деген диагноз қойды…

Кеңес заманында салынған еңселі үйдің маңдайшасындағы «больница» деген жазуға көзі түскенде, Бопырдың өне бойы ұйып сала берген-ді. Алдынан шығып қарсы алған ақ халатты секпіл бет сары қыздың «здрастите» дегеннен кейінгі сөзі «шешініңіз» болды.

-Шешін дейсің бе? –Бопыр сасып қалды.

-Иә, шешініңіз, – жүре жауап берген секпіл қыз келесі бөлмеден ала киім алып келіп, алдына тастағанда ауруханаға емес,абақтыға түскендей, Бопырдың онсыз да оңбай тұрған өңі бір сұрланып, бір бозарып, қимылсыз қалшиды да қалды.

-Мен сізге «шешін» деп тұрмын.

-Шырағым, ыңғайсыздау екен, -денесі тоңып қалтырады ма, жоқ әлде қорқып кетті ме, Бопыр дір-дір етеді. -Ойпырым-ай, мына албастының тапа-тал түсте мұнысы не?  Құрдасы Бұрымбайдың сөзі рас болды-ау. «Дәрігердің қолына түссең тыр жалаңаш шешіндіріп қарамайтын жері болмайды» деуші еді. «Шімірікпеуін қарашы-ей, өзінің» деп іштей ызасы келсе де сыр бермеуге тырысты.

-Шешінбей-ақ қояйыншы, мына киімдеріңді палатаға барған соң киермін.

-Жоқ болмайды. Бізде тәртіп солай. Осы жерде шешінесің.

-Сонда бұл киімдерімді не істейсің?

-Бізге сенің киімің керек емес, ауруханадан тірі шықсаң аласың өзің.

-Апыр-ай, сөзің қандай жаман еді? Алдымнан шығып келгендей сөйлейсің ғой өзің.

А что, все возможно қазақтардың әдеті емес пе, ауруханаға өлерінің алдында келетін. Өзің бәлсінбей тез шешін.

-Бәрін бе?

-Бәрін. –Қыз қулана қарады. Бұдан әрі сөз таластыруды жөн көрмеген Бопыр, «әрі қара» деп қызға бұйырды да дамбалдың жібін тартып қалып бұтындағы барын бақайдың басына бірақ түсірді. «Ал мен дайынмын» дегенге жалт қараған қыз бетін басып шыңғырып жіберді. Осы сәтте ауруханада жатқан әкесіне келген аудандық милицияның бастығы Шөкин әдеттегідей шапшаң қимылдап, тапаншасын қолына ала салып, дауыс шыққан бөлменің есігін теуіп жіберіп кіріп келді. Өне бойында іліп алар лыпасы жоқ, тыржалаңаш тұрған Бопырдың маңдайына тапаншаны тіреп, «стоять» деп ақырып қалғанда, өзі әзер тұрған ол «О, Алла» деуге ғана шамасы келіп, шалқалай құлады…

Есін жиғанда Бөкеңнің ет қызуы көтеріліп, басы сынып, өне бойы ісініп жатыр екен. Қозғалуға мүлде шамасы жоқ. Үстінде бағанағы ала киім. Сатпақ-сатпақ болып әр жеріне жұққан қан қатып қалыпты. «Апырым-ай, аураханасы бар болғыр осындай болады екен-ау» деп сұрықсыз сұр қабырғаларға көз тастап жатыр. Кенет салдыр-күлдір етіп темір есік ашылды да, еңгезердей «қызыл жаға» кіріп келді.

-Ә сұмырай, кеудеңе жан бітті ме?  Тұр! Сорлы!  –Тікірейген мұрттары жыбыр-жыбыр етіп, тап бергенде Бопыр мысық алдындағы дәрменсіз тышқандай бір уыс болып бүрісе қалды.

-Дәмесін қарай гөр бәйтөбеттің. Жас қыздың оңашада қызығын көргісі келеді, ә? Дәу жұдырық бетке былш ете қалды. Өзі де таяу жатқан Бопыр сол сәтте о дүниеге аттанып кете жаздады.

-М… м… м… мен қайдан білейін, шешін-шешін деп есімді шығарып жіберді…

-Әңгімені қой. Оны ана жаққа барған соң айтасың. Алқымнан алған быртиған саусақтар Бопырды бұйым құрлы көрмеді. Дік еткізіп аяғына тік тұрғызды да, тыриған арық қолдарын артына қайыра ұстап, дедектетіп отырып, жарығы молдау бір бөлмеге алып келді.

Бұқа мойынға галстукты қылқындыра байлаған бұжыр бет қара жігіт «тергеуші Мыржықбаев боламын» деп өзін таныстыра бергенде үстел үстіндегі қара телефон шошынғандай шар ете қалды.Тұтқасын  алып «әлеу» дегеннен басқа сөз айтпай, ұзақ тыңдаған   тергеушінің аузынан будақ-будақ болып темекінің түтіні ғана шығып жатыр. Әлден уақытта «мақұл, мәселе түсінікті болды» деді де, әлгі еңгезердейге бұрылып «мына кісіні дереу ауруханаға жеткізіңіз» деп қысқа бұйрық беріп, әлгінде ғана әлпештеп аузына салып тұрған сары құйрық темекінің тұқылын табан астына атып ұрды да, шығып жүре берді. Манадан бері не айтып ақталсам деп тұрған Бопыр қуанғанынан жылап жіберді.

Тағы да аурухана. Бағанағы бөлме. Әбиір болғанда секпіл бет сары қыздың орнында иман жүзділеу, қимылы да байыпты, көлемдірек келген бір келіншек жүр екен. «Киімдерді қайда жібердіңдер?» деп сұрауға оқтала беріп, «тағы да бірдеңені бүлдіріп алармын» деп тілін тістей қойды.

-Аға, жүріңіз, бос орын іздейік,-деп әлгі инабатты келіншек Бопырдың қолынан жетектей жөнелді. Аудан орталығына келгелі алғаш естіген жылы сөз Бопырға «айналайын» деп маңдайынан сипағаннан кем болмады. Буын-буыны босап, ет жүрегі елжірей келіншекке қарап еді, анау аңғармады.

Ұзын корридордың өн бойында жыпырлай орналасқан көп есіктің алғашқысын ашып қалғанда дәрінің исі ме, жоқ әлде адамның зәрінің исі ме, әйтеуір, ащы бір иіс қолқаны қуырып жібере жаздады. Осы бөлмеде бір ауылдың бар азаматы келіп жатып алғандай жапырлаған көп төсектің біреуі бос емес. «Шырағым, бос орын жоқ» деді шеткері жатқан күжірейген біреу инабатты келіншек сұрамаса да. Одан кейін он шақты есікке бас сұққан екеуі «енді қайттік» дегенді бір-біріне көзқарастарымен байқатып қол ұстасқан күйі бұрыла бергенде, есігі жартылай ашылған қалтарыстағы бөлмеге көздері түсті. Екі кісілік палата екен. Бір орын бос тұр. Бопыр қуанып кетті. Инабатты келіншекке «рахмет айналайын» деп айтқысы келіп еді, ол «осында орналасыңыз» деп бетіне күлімсірей қарағанда, басын изей бергені болмаса үні шықпай қалды.

Көршісі көрпесін бүркей жамылып алып, теріс қарап жатыр екен. Ұйқысы қатты ма, бәлкім бұрылып қарауға көңілі соқпады ма, әйтеуір біреу келіп жатыр-ау деп елең де қылмады. Төсекке жамбасы тиісімен Бопыр да маужырап сала берді…

Ымырт үйіріліп, бөлме іші алакөлеңкеленіп қалған екен. Бопыр орнынан тұрып шам жақты. Көршісі әлі сол күйі жатыр.

«Апырым-ай, көп жатқан адам маубас болып кетеді екен-ау», -іштей күбірлеп келіп, түнге де бірдеңе қалдырыңыз,-деп бөлмелесін түртіп еді, анау тырп етпеді. Өзі үлкен кісі ме, жас жігіт пе екен деген оймен көрпесін ептеп аша беріп, аңырайып ашылған аузы мен бақырайып қалған көзін көріп, аурхананы басына көтере баж ете түсті…

Одан кейін Бопырды түнде шошып оянатыны болмаса, ауруынан айығыпты деп естуші едік. Кеше тағы ауырып қалыпты…

АЯН БЕРУШІ

Мен бұрын «басымда небір керемет ойлар жүр, бірақ жаза алар емеспін» дейтіндерге қызығушы ем. Шіркін, маған да тамаша ойлар келсе ғой көсілтіп жазар едім деп армандайтынмын. Жазуға құштарлығым сұмдық болғанымен ой жұтаңдығы қинаушы еді. Талай күндерім алдыма жайып қойған ақ қағазға телмірумен өтті. Өзімді-өзім зорлап үстел басында табандап қанша отырғанымда басыма жібі түзу ой келмей қор қылатын. Содан әбден сілем қатқанда қағазды қақ айырып жынын алдырған бақсыдай мең-зең күйде төсекке сұлай кететінмін. Сөйтіп жүргенде бір күні таңғажайып оқиға болды. Сол оқиғадан кейін мен де ел қатарлы бірдеңе жаза бастадым. Мүмкін «бұл шіркіннің де басына ғаламат ойлар келе бастаған екен ғой»-дерсіздер. Жоқ, олай емес. Маған ой емес, ой айтатын адам келетін болды.

Бірде кезекті бас қатырудан кейін қалжырап келіп төсекке жата кеткенім сол еді аппақ шапан киген, белуардан сақалы бар бір шал жаныма жетіп келді.

-Ассалаумағалейкум, балам!

-Уағалейкумсалам, ата!

-Немене, тағы да түк шықпады ма?

-Болмады.

-Кезінде жөндеп оқымадың, енді соның зардабы ғой тартып жүргенің.

-Мүмкін. Өзіңіз кімсіз? Түріңіз бір түрлі таныс сияқты.

-Шырамытып тұрсың ба?

-Иә, аяз атасыз-ау деймін.

-Е, байғұс-ай, сендердің білетіндерің сол ғой. Сақалы ұзын шал көрсеңдер аяз ата дейсіңдер.

-Неге, басқа да сақалы ұзын шалдарды білеміз. Мәселен, Карл Маркс.

-Жарайды балам. Қой енді шатпағыңды. Мен сенің қиналғаныңды көріп көмекке келген бабаңның аруағымын.

-О, Алла! Не дейді?

-Рас балам. Мен саған бұдан бұрын тағы бір келгенмін. Есіңе түсіріп көрші.

-Е, бәсе деймін, түріңіз таныс дедім ғой.

-Ал енді менің сол жолы не айтқаным есіңде ме?

-Құдай ақы есімде жоқ. Не деп едіңіз?

-Ұмыттым де.

-Қай уақытта айтып едіңіз, ол кезде мен сау ма едім?

-Сау болғансың. Түнде түсіңе кіргем. Ана тіліңнің жай-күйін айтып оның мәртебесін көтеру үшін не істеу керегін түсіндіргем.

-Е, оны мен ұйқыдан оянғанша ұмытып қалғанмын ғой.

-Сендер ояу жүргеннің өзінде ұмытып жүрсіңдер ғой ана тілдің қадірін.

-Неге олай дейсіз? Мен қазақшаны жақсы білем.

-Білесің атаңның басын! Білсең отырар ма едің құдайдың құтты күні ақ қағазды алдыңа жайып қойып албасты басқандай!

-Сізге не керек өзі? Барыңызшы басымды қатырмай!

-Намыстанған түрін. Маған кет деме. Енді сенің менсіз күнің жоқ. Бұдан былай айтқанымды жазатын боласың. Өзіңнің басыңа ешқандай ой келмейді екен, менің басымды пайдалан. Қазақша білем дейді ғой. Білсеңдер шет елге барғанда және сол жақтан қонақтар келгенде неге ана тілдеріңде сөйлеспейсіңдер? Сендердің отбасында бір-біріңмен қазақша сөйлескендеріңнің не керегі бар егер Әлем Қазақстанды орыс тілді деп танып жатса.

-Сіз қызық екенсіз. Біз өз ішіміздегі өзге ұлттарға қазақша сөйлеуге ұялып жүргенде шетелдіктерге қалай сөйле дейсіз?

-Әй, сормаңдай! Бабаң Қазыбек шапқыншылық заманның өзінде қалмақ ханы Қоңтәжіге, «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз» деп басталатын ғаламат сөзін қалмақша немесе орысша емес өз ана тілінде айтқан. Сонда қалмақ ханы Қазыбектің шешендігімен қоса қазақ тілінің де құдыретін, қуатын танып мойындаған! Түсіндің бе енді?!

-Түсіндім ата.

-Түсінсең сол балам.

Осыдан кейін мен аруақ атаны сағына күтетін болдым. Ол жақында тағы да келді. «Наурыз жайында неге жазбайсың» дейді. Мен қаңтарда қарсы алатын жаңа жылымыз болғандықтан наурызды жыл басы ретінде қабылдай алмай жүрміз дедім. «Жаңа жылды қалай қарсы аласыңдар» деп сұрады ата. Мен барлық жерлерде шырша құрылатынын, Және Президент шыршасы, әкімдер шыршасы болатынын айттым. «Е, қаншама ағашты кеседі екенсіңдер ғой» деді. Мұнымен қоса көптеген қалаларда балаларға мұздан қалашық жасайтынымызды айтып едім, аруақ ата: «Бірталай ақшаны желге шашады екенсіңдер ғой» деп кейіді. Содан кейін ұзақ ойланып отырды да: «Ең алдымен Наурызды дәріптеулерің керек. Сол күні бірің Қыдыр ата болып киініп өнер көрсеткен балаларға силық таратыңдар. Өкпелескен ағайын, дос-жарандар жаңа жылда бір-бірін кешіріскен деп балалардың алдында ренжіскендерді татуластырып үлгі көрсетіңдер. Жалпы Наурыздың қадір-қасиеті мол ғой дұрыстап жас ұрпақ санасына құя біліңдер» деп ақыл айтты.

Енді қашан келер екен, не айтар екен. Күтіп жүрмін.

Баба яга

Сәулем-ай әнін айтып сахнаға екі кемпір шығады. Ән аяқтала келе көңілдері босап, көздеріне жас алысып, өткен-кеткеннен әңгіме қозғайды.

Үлкен кемпір: Е, жалған-ай десеңші! Сол күндерге бір кідіріс болсашы… (сәлден кейін). Қыз-ау, бір жұмбақ айтайын шешесің бе?

Кіші кемпір: О не жұмбақ жеңеше? Айтшы қане!

Үлкен кемпір: Көрші отырып бірін-бірі көрмейді.

Кіші кемпір: Түу, сол ма, көз емес пе?

Үлкен кемпір:Ол біз ғой қыз-ау! Бір қалада тұрып айына бір кездесуге мұрша жоқ. (көзіне жас алып мұңайып қалады).

Кіші кемпір: Е-е, қайтесің жеңеше бір-бір айдаһардың қас-қабағына қарап қалдық қой омалып…

Үлкен кемпір: Айтпа деймін. Алла-ай десеңші, шәк бастырмайды ғой тура. «Ойбай апашка, далаға шыға көрме, көшеде машина қағып кетеді» деп қамқор бола қалатынын қайтерсің. Осы жасыма келгенше жетектеп жүргендей о несі екен-ей (шаптығып айқайға басады) мені бір жас бала дейді ме шәштәку неме! Ақыл айтқыш болса баласына айтсын!

Кіші кемпір: Қой, ойбайлама, олар ма, олардан бәрі шығады. «Апашкам болмаса  біздің Алмасик баба Ягіні престәбет ете алмас еді» деп күйдіреді менің ана айдаһар келінім.

Үлкен кемпір: Престәбет дегені несі тағы?

Кіші кемпір: Ойбай, көз алдына елестете алмайды дегеннің (қолын ербеңдетіп) орысшасы емес пе?

Үлкен кемпір: Е-е, сонда сені сол мыстан кемпірге ұқсатады екен ғой.

Кіші кемпір: Баба Ягі болып қорқытпасаң ана жүгермек ұйықтамайды деп, істеп жүрген айласы ғой өзінше.

Үлкен кемпір: Алла-ай, не деген тапқыр жан еді… Расында…

Кіші кемпір: (сөзін аяқтатпайды) Не дейді? (қабағын түйіп шүйліге қалады).

Үлкен кемпір: Келініңе таң қаламында. Құдай-ау, (бетін шымшиды) осы уақытқа дейін байқасамшы. Шынымен аумайды екенсің ғой қыз-ау.

Кіші кемпір: Ей, қақбас! Не оттап тұрсың-ей? (Ашуға мініп жер тепсінеді). Өзіңе неге қарамайсың а!

Үлкен кемпір: Әдірам қал! (Ернін шығарады). Құдай-ау, саған ана біздің  күйеу қалай қарап жүрген? Алла сақтай гөр! (Мазақтап күледі).

Кіші кемпір: (Қатты кетеді) Сен неменеңе жетісесің-ей! «Жиырма беске келгенше не бай алмады, не құдай алмады» деп зарлағаныңды ұмыттың ба? Сиқың жоқ деп қисық көз Қалида қарамаушы еді ғой, қақбас-ау!

Үлкен кемпір: Е, несі бар, жиырма бесімде өтпесем отызымда өттім. «Тесік моншақ жерде қалмайды» деген. Құдайға шүкір! Ешкімнен кем емеспін, бес балам бар…

Кіші кемпір: Әй, қақбасым-ау, мен болмасам отызыңда да өтпес едің ғой! Мен емес пе едім ағам екеуіңнің араңа дәнекер болған. Сенің жеңгең болсам арманым жоқ деп мүләйімсуші едің ғой. Ұмытайын деген екенсің құдайыңды!

Үлкен кемпір: (Істің насырға шауып бара жатқанын сезеді де, айлаға көшіп көл-көсір бола қалады). Қыз-ау, қойшы ойбай! Сонша шала бүлінгенің не? Ойнап тұр емеспін бе? Ол баба Ягісі сенен садаға кетсін. (Құшақтап бетінен сүйеді). Мені қанша жетісіп жүр дейсің. «Бабуля, күні бойы үйде отырып басың ауырған шығар, кешкі салқынмен дем алып есік алдында отырып қайтыңыз, келеріңізде босатып ала келерсіз» деп кеш болса қоқыс шелекті қолыма ұстата салатынын қайтерсің ана менің күйдіргі келінімнің.

Кіші кемпір: Олар ма, олар алдағанда әбжыланша арбайды емес пе? Көзі шатынап тесіле қарағанда кірерге тесік таппаймын ғой. Көңіліне жақпай қалсаң қарттар үйіне тапсырамын деп қорқытады. Амал жоқ бәріне көнесің… (Жылайды).

Үлкен кемпір: Қойшы соларды. Сырттарынан сыбадың не, қарғадың не бәрібір. Көптен көріскен жоқпыз ғой, одан да естіген-білгенімізді айтайық.

Кіші кемпір: Құдай жөні сол. Әйтпесе менің ана айдаһарымның жұмыстан қайтатын уақыты болып қалды…

Үлкен кемпір: Бетім-ау, (бетін шымшиды) біздің көршінің қызы күйеуден қайтып келгені кеше, біреумен қол ұстасып бүгін тағы кетті.

Кіші кемпір: Әй, ана Бопырдың жігіттермен төбелесетін кенже қызы бар емес пе?

Үлкен кемпір: Е, анау әлгі түрмеге барып қайтқаны ма?

Кіші кемпір: Иә, иә сол. Мынадай шолақ көйлек киіп алып (етегін көтеріп санын көрсетеді) қайқаңдағанда бар ғой…

Үлкен кемпір: Түсір ойбай, (етегін тартып төмен түсіреді) елден ұят болады.

Осы сәтте ар жақтан кіші кемпірдің келінінің «Апа, қайдасың» деген дауысы шығады.

Кіші кемпір: Ойбүй, құдай-ай,  келді әне менің айдаһар келінім. Ал жеңеше таспидәниә.

Үлкен кемпір: Ойбай, (бетін шымшиды) орысшалаған түрін қара. Сасқаныңа көрінсін. (Мазақтап күледі). Баба Ягі. Келіні де тапқыр екен. Аумайды-ау аумайды.

Қазақ екеніңді қалай дәлелдейсің?

Қатысушылар: Комиссия төрағасы мен шетелге жұмысқа баруға үміткер.

Комиссия төрағасы: (Кабинетінде өзінен өзі сөйлеп отыр). Әй, мыналар қызық-ей, шетелге баруды көрші ауылға қыдырып барғанмен бірдей көреді. Ау, ол жақта туған жоқ, туыс жоқ, тілін білмей, түгін білмей қалай өмір сүруге болады. «Ой, ағай, өткізіп жіберсеңіз бірдеңе қыламыз ғой» дейді, адамды күйдіріп. Әбден жаман үйренген бармақ басты, көз қыстымен дегенін істеп.

Осы кезде біреу кабинеттің есігін қағады.

Үміткер: Кіруге рұқсат па екен, ағай?

Комиссия төрағасы: Рұқсат шырағым, келе ғой. Конкурсқа келдің бе?

Үміткер: Иә ағай, конкурс болады дегенді естіп…

Комиссия төрағасы: Жөн шырағым, немене конкурс екенін, не істеп, не қою керек екенін білемісің?

Үміткер: Білем ағай, шетелге жұмысқа баруға арналған конкурс.

Комиссия төрағасы: Е, сонан соң?

Үміткер: Сонан соң келіп тұрмыз.

Комиссия төрағасы:Атың кім?

Үміткер: Бопыр.

Комиссия төрағасы: Па, шіркін! Әкеңнің аты кім?

Үміткер: Әбажақ.

Комиссия төрағасы: Ой қазағым-ай, келістіріп қоя бересің-ау не бір атты.

Үміткер: Мамамның аты Бықияш.

Комиссия төрағасы: Әй, болды, болды. Енді басқа сұраққа көшеміз. Шет тілін білесің бе?

Үміткер: Орысша білем, қырғызша түсінем.

Комиссия төрағасы: Шырағым, тоқтай тұр. Қырғызшаны кез-келген қазақ түсінеді. Екі тілдің айырмасы шамалы. Ал енді ана орысшаң шет тілі емес қой, ол да өзіміздің тіл емес пе?

Үміткер: Сонда сіз не, Ресей біздің ел дегіңіз келе ме?

Комиссия төрағасы: Жоқ айналайын, мен олай деген жоқпын ғой.

Үміткер: А, олай болса қателеспеңіз. Орыс тілі-Ресейдің мемлекеттік тілі. Ал Ресей өз алдына бөлек ел. Демек ол шетел. Сонда орыс тілі шет тілі деген сөз. Біздің тіліміз қазақ тілі. Конституцияда мемлекеттің тілі қазақ тілі деп жазылған.

Комиссия төрағасы: Енді ол былай ғой. Қазақ тілі қағаз жүзінде мемлекеттік тіл. Оған дау жоқ. Ал шын мәніндегі мемлекеттік тіліміз орыс тілі. Орыс тілін білмесең Қазақстанда адамша өмір сүре алмайсың. Сен маған айтшы, егер қазақ тілі біздің мемлекеттік тіл болса шетелге шыққанда бастық ағайлар неге қазақша сөйлемейді. Вот көрдің бе, так что орыс тілі шет тіл деп қателеспе. Сенің мұның мемлекеттік қате болады. Түсіндің бе?

Үміткер:Түсіндім ағай, кешіріңіз.

Комиссия төрағасы: Жарайды басқа қандай тіл білесің?

Үміткер:Ағылшын тілін білемін.

Комиссия төрағасы: О, мынауың дұрыс енді. Ағылшын тілі әзірге мемлекеттік тіліміз емес. Қане сөйлеп көрші.

Үміткер: Ай лавью.

Комиссия төрағасы: Өйдөйт, тағы,тағы…

Үміткер: Май неймиз Бопыр.

Комиссия төрағасы: Айта түс.

Үміткер: Хеппи боздей ту ю. (Әндете жөнеледі)

Комиссия төрағасы: Молодец! Өзің сайрап тұрсың ғой. Ал енді сен конкурстан өтіп шетелде жүрсің делік. Біреу сенен кімсің деп сұрайды. Сонда не дейсің?

Үміткер: Май неймиз Бопыр деймін.

Комиссия төрағасы: Өй, атыңды емес, ұлтыңды сұрап тұр ғой ол.

Үміткер: Қазақпын деймін.

Комиссия төрағасы: Сенбесе ше?

Үміткер: Қазақша сөйлеймін.

Комиссия төрағасы: Сен қазақша үйреніп алған басқа ұлтсың деп сенбей қойса қайтесің?

Үміткер: Қазақша ән айтам.

Комиссия төрағасы: Оған да сенбесе не істейсің?

Үміткер: Еліміздің тарихын, әдет-ғұрыптарын әңгімелеп беремін.

Комиссия төрағасы: Оған да сенбесе…

Үміткер: Онда мен румды айтамын.

Комиссия төрағасы: Шетелдерде біздің жүзге, руға бөлінетінімізді біле бермейді.

Үміткер: Ағай, күні бойы конкурсқа келгендерді тыңдаймын деп әбден шаршаған боларсыз. Жүріңіз мына жердегі кафеге барып…

Комиссия төрағасы: Ой, аз-замат! Міне, нағыз қазақ!

Ерін неге жеке шықты?

«Әйел» планетасының «бас» деген ерекше дамыған құрылығында еншілес жатқан “елдердің” ішінде ерекше көрінгісі келіп тыраштана беретін еріннің жеңілтек мінезі көршілеріне көптен ұнамай жүруші еді. Табиғи түсінен жерініп біресе қоңыр, біресе көк түске боялып былықтыра берген соң құрылықтағы бірлескен ұлттардың жоғарғы ұйымының жиылысын ашып, күн тәртібіне қойылған жалғыз шаруа – еріннің мәселесі қаралды. Әдеттегідей бұл жиналысқа жұлынып-жұлынып бітуге айналған аз “ұлт” қастан басқаларының бәрі қатысты. Ә дегенде әңгімені төтесінен бастаған мұрын көршісінің көргенсіздігін бетіне басып былай деді:

Жаратқан иеміздің жазмышын жаратпайтын қайдан шыққан әулиесің. Өркендеудің де жөні бар. Егер мұны қоймасаң, қотыр деген пәлеге ұрынып бәрімізді экологиялық апатқа душар қыласың.

Бірақ мұрынның сөзін ерін пысқырмады. Сен неге мені ғана кіналайсың, ей?! Анау айналасын алапестеп нешетүрлі химикатты жинай беретін көзді көрмей отырсың ба? Өзіңнің қолыңнан келмеген соң өзгеге іштарлық жасағанды қой, шырағым, – деп қатты айтты.

– “Ерін жан, сен -н-н м-м-мұндай мінезіңді “… деп бастап мұрын сөйлеп келе жатыр еді, ерін: “міңгірлей бермей қыс-с-қарт” деп ақырып қалғанда танау жарықтық одан арыға батылы бармай түсініксіз бірдеңені мыңқ етті де үнсіз отыра кетті.

Өз атына айтылған еріннің айыптауын ауыр қабылдаған көз манадан бері шарасына сыймай шатынап отыр еді. Оңтайлы сәтті пайдаланып ақшаң етіп атып тұрды: “Ей, ерін, есіңді жый! Мен сен сияқты табиғи түріме өзгеріс жасаған жоқпын. Екіншіден “еркек планетасымен ерекше жақындасу кезеңінде “сүйіс” атты энергия алмасу процесінде сен сияқты маңызды жұмыс істемеймін. Ол байғүс планета дамудың төмендеу сатысында болғандықтан сенің оңбағандықтарыңды аңдамай жүр. Егер біздің планетаның бар лас-қоқысын мықты технологиямен тексерсе ең нашары деп сені айтарына бәс тіге аламын. Бәрін тыңдап салмақты отырған құлақ доғарайық дегендей желп-желп етіп ишара жасады да ерінге қарады: “Сен бұл жиылыстан нәтиже шығарады деген сенімдеміз. Өзің не дейсің?”

– Ерін жан-жағына дүрдие қарады да, “бәрің былшылдамай аулақ жүріңдер! Басқа айтарым жоқ” – айқай салды. Онымен қоймай астыңғы жағын салпаң еткізіп бәрін мазақтап кеттіі.

– Жиылыс соңында өзгелері оңаша отырып кеңесті де “Ессіз немені бөліп тастайық” –  деп келісті. Содан көп кешікпей ерінді қап-қара бояумен қоршап тастады.

– Алда-жалда “әйел” планетасын көре қалсаңыз “бас” құрлығындағы “елдердің” ішінен ерекше ерінді аңғару қиын емес.

Зерттелмеген жанр

Ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан бай мұрамыздың бірі-халық ауыз әдебиеті. Осы ауыз әдебиетін талай ғалымдарымыз көз майын тауысып зерттеді және әлі де зерттеп жүргендері қаншама. Әйтсе де бұл сала ғалымдарының  бір әттеген-айы бар екенін айтуға тиіспін. Ол ауыз әдебиетінің керемет жанры өсекті елемей жүргендері. Ешбірінің ойына кіріп шықпайды. Сондықтан да мен осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етіп аталған жанрды жан-жақты зерттеген едім. Енді соны жамағат назарына ұсынғанды жөн көрдім.

Ауыз әдебиетіндегі мақал-мәтел, аңыз, ертегі сияқты жанрлар қатарында өсектің де өзіндік орны бар. Оған анықтама берер болсақ: жүрген жерін өрт тигендей ойрандап өтетін, түймедей нәрсені түйедей етіп көрсететін, төбелес пен бітпес даудың дәнекері болатын өте өткір жанр. Халқымызда «Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» дейтін мақал бар. Бұл жерде түсіне білсек өсектің ролі жайында айтылып тұр. Шынында өсек шапшаңдығымен ерекшеленеді. Пошта атаулы болмаған ерте заманда ел арасында өсекшілердің тәп-тәуір беделі болған.

Енді осы өсектің туу жолдары жайында айтайық. «Өсекті әйелдер арасындағы ерекше дарын қасиетке ие таланттары ойдан шығарып өрбітеді» дейді кейбір білгіштер. Бұл пікірдің есі дұрыс дей алмаймыз. «Жел болмаса шөптің басы қозғалмайды» деген мақалды халқымыз еріккеннен айтпаған. Демек өсек ойдан шығарылмайды. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтірейік. Бір шенеунік пен әйелінің арасында мынандай әңгіме болған екен:

-Жаным жақында сенің қызметің жоғарылайтын болыпты.

-Е, оны кім айтты саған. Бастық па?

-Кетші әрі, сенің бастығыңмен кездесіп жүр дейсің бе? Ауылда әйелдер сөз қылып жүр.

-Е, соларды қойшы. Мен жоғары жақта біреуден естіген екен десем.

Расында да көп ұзамай әлгінің қызметі жоғарылап кетіпті. Енді бірде   әйелі үйіне жылап келіпті:

-Ойбай, сен сотталатын болыпсың.

-Оны қайдан естідің?

-Әйелдер айтып жүр.

-Олар оттамасын!

Расында да шенеунік шамалы күндерден кейін сотталып кетіпті. Бір күні  түрмеге келіп әйелі «Жаным жақында босайсың. Түрменің бастығы айтты» десе әлгі байғұс «Әй, оны қойшы, одан да ауылда әйелдер не деп жүр соны айтсаңшы» деген екен.

Ал енді осыдан кейін өсекке сенбей көріңіз. Өсек айта білудің өзі өнер. Кейбіреулер теориялық жағынан оқып-біліп алмай, өсекке ерте араласып кетеді. Содан барып жанрдың беделіне нұқсан келеді. Әрбір өсекқұмар әйел өсекті түрлендіріп отырады. Сол арқылы олар шеберлігін  байқатады. Осы түрлендірудің негізінде бір ғана өсектің бірнеше нұсқасы пайда болатынын көреміз. Мәселен ол мына мысалдан анық аңғарылады.

Алғашқы нұсқа.

Бықияш пен Бопыр әңгімелесіп отыр екен жандарынан өтіп бара жатып жазған хат деген сөздерін естіп қалдым.

Түрленген нұсқасы.

Бықияш пен Бопыр әңгімелесіп отырғанда пәленше жандарынан өтіп бара жатып «жазған хатымды алдың ба» дегенді Бопырдың өз аузынан естіпті.

Екінші түрленген нұсқасы.

Бықияшқа Бопыр «Мен сені сүйемін, бұл фәниден қол ұстасып бірге өтейік деген хатымды алдың ба?» депті. Оны пәленше жандарынан өтіп бара жатып естіп қалыпты да, түгеншеге айтыпты.

Міне байқап отырсыздар әрбір өсекшіден өткен сайын өсек түрлене түседі. Ал шындығында Бықияш пен Бопыр Абай аталарының «Татьянаның Онегинге жазған хаты» деген өлеңін оқып отырған екен.

Құрметті жамағат! Өсектің өркендеп келе жатқаны сондай қазіргі уақытта еркектер қауымы да бұған қатты қызығушылық таныта бастады. Бұл әрине өте қуанарлық жәйт.

КЕШІРІҢІЗ…

-Кешіріңіз, Ержанов көшесі қай жақта екенін айтпас па екенсіз?

-Е, оның несіне кешірім сұрайсың. Білмейтін көшеңді сұрағаныңа сен айыпты емессің ғой. Адам кешірімді аңдаусызда өрескел қылық көрсетіп алса сұрайды. Айталық сен мені көшеде байқамай қағып кеттің…

-Кешіріңіз, ағай, мен асығып тұр едім…

-Бұл жолы да орынсыз кешірім сұрап тұрсың. Сен асығып бара жатқаның үшін менің алдымда кінәлі емессің ғой. Егер сен мені өзіңнің бір танысың екен деп қалсаң. Жаныма жетіп келіп қал-жағдайымды сұрап әңгіме айта бастасаң. Мен сол кезде саған «Мені біреумен шатастырып тұрсың»- десем, сен ыңғайсызданып қалып кешірім сұрайсың. Міне, бұл жағдайда кешірімің орынды болар еді.

-Ағай, орынсыз кешірім сұрағаным үшін кешіріңіз.

-Шырағым-ау, сен өзі бір түрлі қызық екенсің. Адам кешірім сұрағаны үшін жазықты болмайды ғой. Кешіріңіз дегенім үшін кешіріңіз дегенің қалай? Мәселен, сен мені балағаттасаң, жазықсыз тілдесең. Соңынан өзіңнің қателігіңді түсінсең кешірім сұрауыңа болады.

-Ағай!

-Ау.

-Сіз қырт екенсіз.

-Немене?

-Қырт екенсіз деймін. Онда да жәй қырт емес, көк қырттың өзі екенсіз!

-Әй, шырағым, сен неге маған тіл тигізесің-ей!

-Ағай, кешіріңіз. Енді дұрыс болды ғой деймін ә?

Склероз

Мен осы күні сұмдық ұмытшақпын. Бүгінгіні ертең есіме түсіре алмаймын. Мұны медицина тілінде склероз дейді екен. Дәрігерлердің айтуынша бұл ең жақсы ауру көрінеді. Біріншіден, жаныңа батпайды. Екіншіден, жұқпалы емес. Ал үшінші, күнде бір жаңалық ашып отырасың.

Бірде әйелім дүкенге жұмыртқаға жұмсады. Үйден шығарда “ұмытып қалма, жұмыртқа!” деп құлағыма айқайлап жіберген. Жол бойы екі аттаған сайын жұмыртқа, жұмыртқа деп айтумен болдым. Кейбір көшеде кездесіп амандасқандарға да жұмыртқа деп бас изеп өттім. Олардың не ойлағанын қайдам… Дүкенге кіргенде бетіме қарап жымиған сатушы қызды көріп неге келгенімді ұмыттым да қалдым. Ал енді есіме түсіре алсамшы. Көзімді бақырайтып төбеге қараймын. Тарс жұмып төмен қараймын. Есіме түсер емес. Мені ойнап тұр деді ме, қыз жымың-жымың етеді. Еріксіз менде жымыңдадым. Жын соққандай үнсіз жымыңдасып біраз тұрдық. Әлден уақытта қыз жалығып кетті де “аға, сізге не керек”өзі деді. Мен ернімді шығарып екі иығымды көтердім. Қыз аң-таң.

-Бір түрлі қызық екенсіз.

– Шырағым, қай бір қызық болғым келіп тұр дейсің, неге келгенімді ұмытып қалдым.

– Қалай?

– Қалай екенін өзім де түсінбеймін. Ұмыттым бітті.

– Ендеше, -деді қыз – мен тауарлардың атын айтып шығайын. Сіз тыңдап тұрып есіңізге түскенде айта қойыңыз.

Содан екеуміз ойлан тап ойынын бастап кеттік. “Нан” дейді ол. Жоқ деймін мен. “Май” дейді қыз. Мен басымды шайқаймын. Қыз: “Осы жолы дәл таптым балық” деп қулана қарайды. Мен мимо деймін. Сонан соң екеуміз қосыла күлеміз. Осылай ойынымыз қызып жатқан. Кенет құлағымның түбінен біреу шаңқ ете қалды. Ұшып кете жаздадым. Жалт қарасам бір дәу әйел: “Әй, шырағым, сен не, басқа ойнайтын жер таппадың ба? Сендерді тосамын деп жұмыстан қалдым” – деп дүрсе қоя берді.

– Жұмыстан дейсіз бе?

– Иә, жұмыстан.

Ура, есіме түсті! Жұмыстан, жұмыртқа! Әйелді бас салып бетінен сүйдім. Ол түкке түсінген жоқ.

Е, бұл ұмытшақтық дегенді қойыңыз. Мені талай жерде масқара қылатын шығар әлі.

“Күлме досқа, келер басқа” деген рас екен. Менің бір досым бар. Сұмдық ұмытшақ. Әлгі байғұстың балалары көп өзі. Соларды көршілерінің балаларымен шатастырады да жүреді үнемі. Бірде өзінің бір баласына “папаң үйде ме” депті. Баласы әкесін мазақ қылып: “Сіздің үйдегі тәтемен қыдырып кетті” деген екен. Соны естігенде күні бойы күлгем. Енді міне…

Бірақ мен немесе менің досым ғана емес қазір көбіңіз сондайсыздар ғой. Сіздер мен сияқты шындықты мойындай алмайсыздар. Әйтпесе біз аз емеспіз. Мәселен, кейбіреулер әдемі қыздарды көргенде бала-шағасы бар екенін ұмытып қалады. Ал енді біреулер арақпен кездескенде дүние жалғанның өзін естен шығарады. Қазір тіпті жастардың арасында да бұл ауру жиі кездеседі. Махаббатқа өртеніп тұрғанда жігіт уәдені үйіп-төгеді де, қыз аяғым ауыр дегенде естен танады. Тіпті қыздың өзін тани алмай қиналатынын қайтерсіз. Ал біз болсақ ондайларды кінәлаймыз. Оңбаған, алдап кетті деп. Ол бейшара склероз болса қайтеді енді. Әйтпесе есі дұрыс адам өз баласынан безе ме?

Ой, бұл ұмытшақтық деген талай адамды масқара қылып жүр ғой! Әсіресе ана жоғарылау отырған көкелерімізді айтсаңызшы. Ойбай-ой, ол кісілер крупно ұмытады ғой. Олардың ұмытқандарын естеріне түсіру қиын-ау, қиын…

Бұл склероздан емдеудің жолын кешіктірмей табу керек. Сонда елімізде бәрі жақсы болады.

МӘСЕЛЕ

Ел алдында абыройың асқақтап тұрса. Атақ даңққа да бөленіп жатсаң. Жүрген жеріңде жұрттың бәрі жапатармағай құрмет көрсетсе. Ох, шіркін!

Алла жар болып сіздің осы арманыңыз орындала қалса беделіңізді пысқырмайтын екі адам болатынын ұмытпаңыз. Оның біріншісі, ешқандай құндылықтарда шаруасы жоқ, құлқынды ғана ойлайтын хайуаннан сәл ғана тәуірлеу сорлы. Ал екіншісі, құдай қосқан әйеліңіз. Ол бірінші сияқты мақұлық емес. Сіздің жетістігіңізге керемет қуанады, мақтанады, риза болады. Бірақ онысын сізге сездірмейді. Оның өзінің тактикасы бар. «Сен елге бас болсаң мен саған баспын. Елге сүйеу болсаң маған жай ғана күйеусің» дейді. Бітті. Шамаң келсе шауып ал. Осыдан кейін көшедегі,  көрші маңайдағы әйелдерге көз сүзесің. Олар үшін сен керемет болып көрінесің. Ал егер өз әйеліңмен ажырасып әлгі өліп-өшіп жүргендердің бірін алсаң бәрібір ештеңе ұтпайсың. Біраз уақыт өткен соң таз қалпыңа қайта түсесің. Бұл былайша айтқанда қосылғыштардың орынын ауыстырғанмен қосынды өзгермейді деген математикалық қағидамен бірдей. Яғни әйелден әйелдің артықшылығы жоқ. Кез-келген әйел екі рет қойныңа жатқан соң-ақ сенің осал «нүктелеріңді» анықтап алады. Содан кейін сорыңды қайнатып басады да отырады сол нүктелеріңнен. Тырп ете алмайсың. Жұрттың ортасында салиқалы салмағы бар кейбір ағаларымыздың жеңгейлердің алдында жеп-жеңіл болып желпілдеп тұратыны сондықтан. Осы бір мәселені шешудің жолы бар ма? Әрине бар. Ұзақ ойланбай тарихқа жүгіну керек. Яғни бабалар жолын жаңғырту қажет. Еркек екі немесе үш әйел алуға тиіс. Сонда бір күйеудеге бірнеше әйел өзара бәсекеге түсетін болады. Бұрын тек осал «нүктелеріңді» іздейтін әйел енді күндесінің алдында асқақ болу үшін сенің қасиеттеріңді көре бастайды. Қызық. Қайсына барсаң да саған жағынуды ойлап елпілдеп тұрады. Міне, нағыз керемет тәсіл. Шіркін, бабалар-ай, мықтысыңдар-ау! Бірақ бізде осы тәсіл ешқашан қолданылмайтын шығар. Қазір еркектердің көбі еркек емес елпек болып кетті ғой. Егер таяу жылдары Қазақстанда «Қатындарынан қорқатындардың қауымдастығы» құрылып жатса мен таң қалмаймын. Сиыры екі жыл қысыр қалса «мына мәлік келгірді соғымға сою керек» деп кіжінетін кейбір еркектер әйелі жылдар бойы бала көтермесе де ештеңе дей алмайтын болды. Әрине бұл жерде денсаулығына байланысты бала көтере алмай жүрген әйелдер жайлы сөз басқа…

Менде қызықпын-ау, еркек екі әйел, үш әйел алса деп армандап отырған. Жалғыз әйел алуға жүрегі дауламай жүрген қаншама сүрбойдақ бар қазір Қазақстанда. Олар үйлену дегеннің не екенін түсіне алмай жүр. Айтайық, оның анықтамасы соншалықты күрделі емес. Үйлену өз еркіңмен қойныңа жылан салу. Онымен өмір бойы арбасып өту. Егер ол шақпайтын болып кездессе бағыңның жанғаны. Ал улы болса, сорыңды қайнатып шағады да отырады. Бірақ улы жыланның тісін қағып алуға болады емес пе? Өкінішке қарай бізде ондай шеберлер азайып кетті-ау.

Жетпісбай Егінбайұлының «Махаббат шапағы» кітабындағы бірнеше өлеңіне пародия

1.  Кетіп ем мен де ауылдан,

Арманым ашып шымылдық.

Қуанам жаңа қауымнан,

Достарды тауып ып-ыстық.

(«Қайтпайды бұлақ бастауына» атты өлеңінен, 4-бет)

Арманы ашып тастап шымылдықты,

Ауылдан Жетпісбайды қуып шықты.

Дірдектеп жүргенінде тыр жалаңаш,

Ып-ыстық достар табылып жылытыпты.

  1. Он жеті жасқа толдың сен,

Жайраңдап қадам басасың.

Жаздырып жырдың жолын сен,

Жаныңа шашу шашасың.

Бітіріп мектеп он жылдық,

Институтқа кеп түстің.

Қалаға тұрып орнығып,

Аулыңнан түлеп сен ұштың.

(«Балдызға» атты өлеңінен, 18-бет)

Ауылдан түлеп ұшқаныңды,

Қалаға келіп қонғаныңды.

Он жеті жасқа толғаныңды,

Жайраңдап мәз болғаныңды,

Он жылдықты біткеніңді,

Институтқа түскеніңді,

Тізіп шықтым әзірге.

Алла берсе жазамын мен әлі де,

Жұмысқа тұрғаныңды,

Семья құрғаныңды,

Сәбилі болғаныңды,

Арып немесе толғаныңды,

Жаңа үйге кіргеніңді,

Сылаң қағып жүргеніңді,

Тағы да күлгеніңді.

Жаза берер бұл жездең, жалықпайды,

Қағазы көп балдыз-ау, қорықпайды,

Шұбатылған ұйқастар табылады,

Айтшы маған, тағы не қалып қойды?

  1. Жолына сұлудың мен құрдым қақпан,

Қақпанның серіппесіне күміс жапқам.

Дариға-ай, не жетеді ойнап-күліп,

Жүргенге сүйгеніңмен күлім қаққан.

Сұлуға әркім көзін салады екен,

Жасықтар жолда жатып қалады екен.

Болғанда қыз гауһар, жігіт асыл тас,

Гауһарды асыл тартып алады екен.

Алтыннан шашыраған сүмбіл шашың,

Ғаламдай молды ұстаған екі қасың,

Тарыдай тал мойныңда бір мінің жоқ,

Көрікті жаратылған неткен жансың.

Бәтеспен домбырамның бетін сүрттің,

Оңаша кездесудің сәтін күттім.

Қарасам дидарыңнан көз алмаймын,

Секілді нағыз алтын ділдә біткен.

Шаш қандай қолаң қара майда өрген,

Деймін-ау мұнан бұрын қайда көргем.

(«Сары алтынның буындай» атты өлңінен, 55-бет)

Сұлуларға қақпан құрған қуым-ай,

Серіппесіне неге күміс жапқансың?

Сұлу өте шығушы еді бұрылмай,

Көз салыпты жалт-жұлт етіп жатқан соң.

Қарап едік сол сұлуға масқара,

Өн бойында жалбыраған шаш қана.

Тарыдай мойын әзер ұстап тұрған,

Ми барма екен шіркін анау баста да?

Рекет – әрекет

Ар жағында біреулермен ұрысқан күйі сахнаға Бопыр шығады. Үстіндегі бар киімінен жұрдай болған. Төменгі жағын сүлгімен орап алыпты.

Бопыр: – Бұл масқара ғой масқара! Тападай тал түсте, о несі екен-ай, оңбағандар! Әй жоқ, шай жоқ, “киімдеріңді шешіп бере ғой деді. Киім таба алмай жүрсе үйге келіп, адамша сұраса да береміз ғой. Жетесіздер өңкей! (жалаңаш тұрғанын енді білгендей ұялған болады). Апырмай, ыңғайсыз болды-ау Оңбағандар ойламаған жерден тап берді емес пе? (Осы сәтте Бопырдың әйелі Айқыш келеді).

Айқыш: Әй сорлы, мына түрің не? Ыстығың көтеріліп жүр ме? Өйбүй бетім-ай! (бетін шымшиды). Мына елден ұят болд-ау.

Бопыр: (жыламсырап). Тонап кетті Айқышжан. Жұрдай қылды.

Айқыш: Әй, көзің аққыр жылама.! Кім тонады? Сен қайда жүрдің, ай қарадың ба?!

Бопыр: (көзін сүртіп) Моншадан шығып тұп-тура үйге тартып келе жатқан едім, екі жүлік алдымнан шығып, жолымды кес-кестеп қоймай қойды емес пе. Мені танып тұрған өзіміздің жігіттер екен деп қолымды беріп амандаса салдым.

Айқыш: Е,бейшара таныған екен -ау. Сонан соң?

Бопыр: Айқышжан тоңып қалдым, үйге барайықшы.

Айқыш: Жоқ,бармаймыз. Сонан соң не болды, айт жанынңның барында!

Бопыр: Темекі сұрады.

Айқыш: Сен не дедің?

Бопыр: Темекі тартпаймын, арақ ішпеймін, әйелім ұрсады. Сендер менің Айқышжанымды білмейсіңдер ғой, өте ақылды… (сөзін аяқтап үлгермейді).

Айқыш: Оларға сенің қатының керек еді. Аузың көпіріп сандырақтай бергенше тұра қашпадың ба?!

Бопыр: Мен олардың киіміме қызығып тұрғанын қайдан білейін. Білгенде зытып берер едім ғой. (жылайды).

Айқыш: Ей, қой деймін. Жылағаны несі-ай, қайдағыны бастап. Өшір үніңді. Сонан соң не болды, айтсаңшы жылдамырақ.

Бопыр: (көзін сүртіп, әңгімесін әрі қарай жалғайды). Содан енді кете бергенімде біреуі желкемнен бүріп ұстап алғаны. «Темекі бермесең киіміңді шеш» дейді. Әй жігіттер ойынды қойыңдар. Ағаларың моншадан шаршап келе жатыр. Сыра ішу керек еді, сыраханасы құрғұр ашық болса, бір жерге барып салқын сыра ішіп, демалып қайтайық. Бұл күнде сыраханалар да бұрынғыдай емес. Шіркін моншадан кейін салқын сыра жан рахаты емес пе, ә Айқышжан.

Айқыш: Әй, сырада басың қалғыр! Басың сырада қалсын! Ұқтың ба? Қап құдай-ай, фирменный екенін біліп қойған ғой.

Бопыр: Йә, йә, содан кейін көйлегімнің омырауындағы жазуға қарады да, қандай фирма деп сұрады. “Ойбай, фермадан емес, дүкеннен алдым” десем сенбейді, тұқымың құрғырлар.

Айқыш: Әй, сормаңдай! Ферма емес, фирма! Апырмай, “Монтана” екенін сезіп қойған екен -ау.

Бопыр: Алдында өзім айттым ғой, моншадан келем деп.

Айқыш: Моншадан деп тұрған жоқпын мен. Монтана! Фирманың аты. Содан кейін не болды?

Бопыр: Екеуі көйлегімді сыпырып алып, шалбарымның ышқырына жабысты.

Айқыш: Қап құдай-ай, джинси екенін білген ғой.

Бопыр: Йә, йә, олар да бір-біріне женски екен деп мәз болсып жатты. Мен женский емес, мужской, бірақ ара-тұра әйелім де киіп тұрады деп шынымды айттым.

Айқыш: Әй суми! Сандырақтама! Женский емес, джинси. Қымбат шалбар деген сөз. Үстіңдегі бар киімің импорт болған соң, соңыңа түскен-ау шамасы.

Бопыр: Іш киімнің импорт болмағаны қандай жақсы болған, ә, Айқышжан!

Айқыш: Ей, бұлар кімдер болды екен сонда? Түрлері қандай еді? Тезірек милицияға хабарлайық.

Бопыр: Түрлері есімде жоқ. Беттеріне тіке қарай алмадым. Бірақ “өздерің кімсіңдер?” дегенімде “әрекетпіз” деп жөндерін айтты.

Айқыш: Ойбүй бетім-ай. Рекет десеңші. Олар ұстатпайды енді.

Бопыр: сол “әрекеттер” әрекет жасап жүрген. Өзің де біліп тұрсың ғой.

Айқыш: Әй. Сорлы түс алдыма, мен саған көрсетейін әрекетті.

Бопыр: (әйелінің алдына түсіп, томпаңдап ала жөнеледі) Өй, Айқышжан, Айқышжан енді сен әрекет қылмай-ақ қойшы.

Сөз тапқанға қолқа жоқ…

Бұл күнде екі адамның басы қосылған жерде арақ жүреді ғой. Ол болмаса отырыстың мәні де, сәні де келмейтіндей. Ақаң дастарханға келді дегенше не бір әзіл әңгімелердің тығыны ағытылып, әуезді әннің көзі ашылып сала береді.

Ал сіз ішімдікпен араз адам болсаңыз, сондай ортада не істер едіңіз? Әдетте әр түрлі сылтаулар айтып көресіз. Ауырып жүр едім,  көтере алмаймын, батпай отыр, тағы сол сияқты. Осы сәтте сізге қарсы шабуыл басталады:

Әй, немене танауыңды шүйіре қалғансың?!Бізді менсінбей отырсың-ау сірә. Е, біздің бәріміз ішкіш екенбіз ғой, – деген сөздерді естігенде сай-сүйегің сырқырып, көңіліңіз босап, көзіңіз жасаурап сала береді. Сөтіп отырып бір-екі жүз грамның өңешіңізден әрі қарай, қашан өтіп кеткенін сезбей қаласыз.

Бірде үлкен қуанышты дастархан басында отырғанбыз. Жақсы бір тілек айтылған соң, рюмкалар сыңғыр-сыңғыр бас түйістірген соң кідіріссіз ауыздарға қарай бағыт алған. Менің рюмкам мойындары қылқиған бір топ шөлмектің арасына кіріп кетті. Отырған жігіттер байқап қалды да, “Әй, оның болмайды. Кәне алып қой” деп қолға ала бастады.

– Жігіттер, – дедім мен сонсоң, -өмірімде арақты үш-ақ рет ішкен едім. Бірінші рет құлап іштім, екінші рет сұрап іштім, үшінші рет жылап іштім. Содан кейін ішпеймін деп ант бергенмін.

Ерігіп отырған жұрт езулерін жиғаннан кейін құлап, сұрап, жылап ішкеніңнің мәнісін айт деп жабысты.

– Студент кезімде “Менде бір мас болып көрейінші, мүйіз шығар ма екен” деген оймен есімнен айрылғанша құлап іштім. Ертеңінде есімді жисам, басым сынып, тілім аузыма сыймай жатыр екен. Сонан соң амалсыз сұрап іштім. Одан кейін бір отырыста жолдастарым” жақында ғана сілтеп едің ғой, неменеге бәлсініп отырсың” – деп қыстаған сәтте “осыларға бекер-ақ көрсеткен екенмін” деп жылап іштім.

Ал жігіттер қазір менің бір қолымда нан, екінші қолымда рюмка тұр. Соның қайсын ал десеңдер соны аламын, – дедім.

– Рюмканы бізге қалдыр, нанды ал! – деп шу ете түсті жиналғандар.

“Сөз тапқанға қолқа жоқ” – деген осындайдан шыққан-ау деп ойладым мен көңілді отырыстан қайтып келе жатып.

Соңғы хабарлар

Алматыдан сөйлеп тұрмыз. Алматы уақыты түнгі сағат төрт. Құрметті радио  тыңдаушы достар! Түн ортасы болғанын ескеріп, көршілеріңіздің мазасын алмас үшін, радио, телевизор, магнитофон және мұздатқыш сияқты дырылдайтын бырылдайтын дүниелеріңіздің дауысын сәл басуларыңызды сұраймыз.

Құрметті радио тыңдаушылар! Сіздерді «Түн ортасы ауғанда ұйқылы-   ояу» программасының  соңғы хабарларын тыңдауға шақырамыз.

Бүгін астанамыз Алматыда (есінейді) кезекті  жиналысы өз жұмысын бастады. Жиналысқа сан салада еңбек ететін республикамыздың  әр түкпірінен келген (есінейді) делегат қатысып отыр. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша (есінуйді) төрағасы (есінейді)  жолдас баяндама жасады. Ол өзінің баяндамасында республикамыздың эканомикасында тезірек шешуді талап етіп отырған өткір проблемалардың бірі  (есінеиді) жайында ашық айтты. Бұл мәселені ырғалап-жырғалмай тез арада талқылап,тиісті қорытынды шығару керек деп атап көрсетті (есінейді) жолдас.

Сондай-ақ жарыссөзде сөйлеген делегаттар бұл мәселелерді (есінейді) министрлігінің  көмегі арқылы тез арада шешуге болатындығын айтты.

Құрметті радио тыңдаушы достар! Жиналыс бүгінгі заманымызға сай нағыз демократиялық жағдайда өтуде.

Бүгін Мәскеу уақыты бойынша 14 сағат 30 минутта Совет Одағындағы Семей полигонында қуаты (есінейді) килотоннаға дейінгі жерасты (есінейді) жасалды. Аталған сынау жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жасалды. Сынақ ауданында және одан тысқары жерлерде радияциялық жағдай өте жақсы. Халықтың денсаулығына пайдасын тигізіп жатыр.

Спорт. Бүгін Алматының «Қайраты» өз алаңында (есінейді) командасын қабылдап, екі де (есінейді) есебімен тағы да (есінейді).

Енді ауа-райы. Таяудағы тәуліктерде республикамыздың солтүстік облыстарында 15-20 градус (есінейді) болады. Қарағанды, Жезқазған, Ақмола облыстарының жекелеген аудандарында күн алабұлттанып (есінейді) өтеді. Ал оңтүстік облыстарда тұман түсіп, жолдың көріну қашықтығы (есінейді) метр шамасында болады. Алматыда күн біресе ашық, біресе жабық. Жаңбыр не жауады, не жаумайды. Тұман түсуі ықтимал. Тұман түспесе жабырқамаңыздар. Түстен кейін көк түтін басып риза қылады. Қолдарыңызда қашанда қолшатыр болсын.

Сіздердің тыңдағандарыңыз соңғы хабарлар. Онымен таныстырған диктор Мартбек (есінейді).

Сүйінші!

Қайырлы таң, қымбатты көрермен!

Сүйінші! Бүгіннен бастап Қарағанды телерадиогазетжорнал компаниясының жанынан «Көкжал» атты ұлттық телеарна жұмыс істейтін болады. Таң сәріден түн ортасы ауғанша хабарларымыз тек қана қазақ тілінде беріледі. Егер сүйінші берем дейтіндер болса № 9999 есеп шотымызға ақша, киім-кешек, арақ, темекі, шетелдік бұйымдар және АҚШ долларын аударуларыңызға болады. Ал енді бүгін берілетін хабарларымыздың ретімен танысыңыздар:

9.00 «Оян қазақ» – ұйқы-ашар.

9.35 «Шақыр-шұқыр, бытыр-бытыр, бырт-бырт» – таңертеңгілік ырғақты гимнастика.

10.05 «Әкенің қадірін әке болғанда білесің» – мектеп жасына дейінгі

балаларға арналған хабар.

11.50 «Ойбай, масқара» – республика және шетел жаңалықтары.

12.00-15.00 Теледидар қызметкерлері обед ішеді және аздап мызғып алады.

15.05 «Ақшаң болса қалтаңда – талтаңдасаң талтаңда» – болашақ

бизнесмендерге арналған хабар.

16.10 «Ақсақ қой түстен кейін маңырайды» деп аталатын Арал теңізі

жайында түсірілген деректі фильмді көре аласыздар.

17.25 «Ұйқыңыз қанды ма, аға!». Маубас депутаттармен дөңгелек стол басындағы сұхбат.

18.25 Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жайындағы келелі пікірлер негізінде дайындалған «Енді қайттік…» деген хабарды назарларыңызға ұсынамыз.

19.40 «Арым да, жаным да өзіңсің, арақ!» – айықтырғыштан репортаж.

20.00 «Мен қазақ қыздарына қайран қалам». Көркем фильм.

21.30 «Үйбай, бетім-ай!» деген өсек-аяңды тыңдайсыздар. Хабарды атақты өсекші Сыпсыңгүл Мазаңкеткірова жүргізеді.

22.05 «Аюға намаз үйреткен таяқ». Бұл хабар республикамыздағы

мемлекеттік тілді менсінбейтіндерге арналады.

23.45 «Социалистік жарыс». «Медеу» мұз айдынынан репортаж.

00.10 Белгілі психотерапевт Кашпировскийдің шәкірті Арлыбай

Намысбаевтың кезекті телесеансы. Ол бүгінгі сеансында еліміздегі жалақорлық, парақорлық және бюрократия сияқты қауіпті аурулардың алдын-алу жолдарын қарастырады.

00.50 «Даңғұр-дұңғыр, айқай-шу» – эстрадалық концерт.

02.00 «Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады». Көп

сериялы көркем фильмнің бірінші сериясы.

Міне, біздің бүгінгі берілетін хабарларымыздың реті осындай.

Жақсылап көріп, дем алыңыздар.

ТОЙ

Кеңес дәуірінің алғашқы кезеңінде колхоз, “кемелденген” шағында совхоз болған, қайта құру тұсындағы кооператив, қазіргі акционерлік қоғам- “Сораймақ” ауылында той болғалы жатыр. Сораймақтықтар үшін ұзақ күткен қуаныштың тойы бұл. Бұрындары мерекелік жиындар өтетін қазіргі комерсанттардың “бизнес алаңына” жүруге жараған жанның бәрі келіпті. Бір-бірін құттықтап мәз. Кейбір көңілі бос қыз-келіншектер бұрыш-бұрышта сықсиып жылап жүр. Көп ішінде көңілсіз тек Бопыр ғана:-Алдын-ала ескертпей баламды ауру қылды-ау мыналар! Көрермін ұзаққа барғанын деп кіжініп қояды. Өзі әдеттегідей қышқылдап алған.

Мәдениет үйінің маңдайшасындағы репродуктордан көптен естілмей кеткен таныс әуен құлаққа талықси жетеді.

Жиналғандар қарасы көбейгенде қарайлап отырып үйден шыққан Таңжарық ақсақал алқынып жеткенде ауыл белсенділері жұртты тәртіпке шақырып салтанатты жиналысқа әзірлеп жатыр екен. Таяғын көтеріп қалып көптің көңілін өзіне аударған қария:-Уа, халайық, ақ түйенің қарны жарылды! Алла жарылқады!-деп барлыққан даусымен айқай салды. Үлкендер жағы дүрілдете қол соғып, жастар қышқырып жер тепкілесті.

Феодализм заманында дүниеге келіп, социализмді бастан кешкен қартың капитализм кезеңінде де тың екен.-Ағайын, Алла ұзағынан сүйіндірсін деп тілейік.Енді көрмей кетемін бе деп күдерімді үзе бастаған едім. Айналайын үкімет әлі де… Қария кемсеңдеп сөзінің соңын айта алмады.Топ ішінде де шалды қоштап көз жастарына ерік бергендер көбейе бастағанда ол жең ұшымен бетін сипап жіберіп: -Туғалы көрмеген балаларды айтсаңдаршы. Шошынып жатқандары көп дейді. Оларға не кінә бар. Ана Шүкимаға ұшықтатып алыңдар. Әй, Шүкима, бүгін бәрін тегін емдейтін бол!-деді. Шүкима  кемпір “әрине, әрине” деп бас изеді. Таңжарық ақсақал тағы бірдеңе айтпақ  болып алға қарай ұмсына бергенде әлгінде ғана келіп шет жақта тұрған Бықияш шар ете түсті. -Ой, ата, қойыңызшы, болмашы нәрсеге сонша мән беріп не болды. Бірен-саран баланың шошығаны қайтер дейсіз. Ертең-ақ үйреніп кетеді әлі. Бүгінгі өшкеніміз жанған қызықтан аяғанымыз бар ма, шашу, шашу-деп ұзақ жылдар сандық түбінде “қамауда” болған “қартаң тартқан” кәмпиттерді уыстап, уыстап алып жан-жаққа құлаштап тұрып шашты. Бала-шаға, қатын-қалаш у-шу болып таласып жатыр.

Бағанағыдан да масаңдау Бопыр әлі сол писимистік пиғылда жүр. Тәлтіректей басып Таңжарық ақсақалдың жанаына барды да: -Ей , ақамақтар, бұл сайлау алдындағы алдау ғой, неге сонша мәз боласыңдар?-деп айқай салды. Бүгінгі жетістікті “жууға” бас қойған көпшілік оған көңіл бөлмеді. Тек қана бұрынғы шаруашылық басшысы Шырақбай ғана саяси қырағылық танытты. Бопырға екі көзін ежірейте қарап: -Әй Бопыр, іштің бе, шатып-пұтпай жайыңа жүр. Халықтың қызығын қызғанып тұрсың ба?-деп жекіп тастады. Бопыр:-Шырақбай, сен басты ауыртпа!-деп қолын бір сілтеді де -оңбағандар баламды шошымалды ауру қылдыңдар,-деп бұрылып кетті. Шырақбай: “қасиетсіз неме” деді де бір-ақ уыс бетінің біраз жерін жайлап жатқан көзілдіріктің белуарынан нұқып қалды. Бұл ашуланғандағы әдеті. Сипалақтап біраз тұрды да қойын қалтасына қолын сүңгітіп жіберіп “социалистическое обьзательство” деген жазуы бар сарғайған қағазды суырып алды. Кезінде кеңес үкіметі емес бертінде өзі жазған қағаздың келесі бетіндегі бірдеңені күбірлеп оқып шықты. Қоқиланып жан-жағына қарады да алаң шетіндегі мінбеге адымдап барып көтерілді.. Өзінің негізгі сипатынан гөрі кірпіштер үйіндісіне көп ұқсайтын мінбе де, үстіндегі Шырақбайда, оның үстіндегі көнетоз киім де уақыт шіркіннің дегеніне көніңкіреп қалған екен. Жөткерініп біраз тұрған Шырақбай: -Жолдастар! Менің бүгінгі қуанышқа арнаған жырдан шашуым бар. Тыңдаңыздар!-деді.

Соңғы кездер әртүрлі тақырыптарға арнап өлең шығаруды әдетке айналдыра бастаған. Шырақбайдың бұл өнерін жұрт “бұрын бастық боламын деп талантын таныта алмапты. Қартайғанда жорға шығайын деді” деп мазақ қылады. Қазір де біраз әйелдер еріндерін шығарысып жыртыңдап қалды.

Шырақбай: Мен сенгенмін осы күн туарына,

Халқымның қуанып бір тұрарына.

Қандай жақсы ағайын, қараңдаршы,

Сүйсіндірсін деп тілейік ұзағынан,-деп жаңа туындысын шабыттана оқып шықты. Бұл мезгілде бір-біріне “алып қой, алып қой” деп құрмет көрсетісіп жатқан жұрт бұрнғы бастықты бұрынғыдай тыңдай қоймады. Магнитофонды ортаға алып жастар жағы биге кірісіпті. Бұрқ-бұрқ етіп аспанға көтерілгекн шаң да шаттықтың шамасын көрсеткендей. Бопырдан басқа жұрт көңілді. Кешкі самал керемет-ақ. Ауылға көрік беріп электр жарығы жайнап тұр. Той енді қызды.

ҰҚПАЙДЫ…

-Сіз арақ ішесіз бе?

-Құяиын деп пе едіңіз?

-Жоқ. Мен сізден арақты жақсы көресіз бе деп сұрап отырмын.

-Қарсы емеспін.

-Менде арақ жоқ…

-Түсіндім, сізде тек спирт қана бар.

-Жоқ, түсінген жоқсыз. Сізге қою керек.

-Қашан қояйын?

-Мүмкіндігінше тезірек.

-Жақсы, қазір мен жүгіріп барып келейін.

-Қайда?

-Бір жартыға.

-Түсінсем бұйырмасын, бір жартыңыз не сіздің?

-Өзіңіз ғой тезірек қой деген.

-Түу, сіз жынды шығарсыз. Менің басым ауырып кетті.

-Жазу керек.

-Нені?

-Сіздің басыңызды.

-Қоя тұрыңызшы. Біз неден бастап едік өзі?

-Әлі бастаған жоқпыз.

-Неге?

-Сіз ғой, не өзіңіз құймайсыз, не мені жібермейсіз алып келуге.

-Болды, барыңызшы.

-Е, бәсе бағанадан бері осылай демейсіз бе? Мен қазір тезірек алып келе  қояиын.

МАХАББАТ МАШАҚАТ

«Махаббаттың тұңғыш жыры тіл қатпау, тіл қата алмай қыз соңынан бұлғақтау»-деп Қадыр ақын жырлағандай махаббат дегеніңіз машақаты көп шаруа. Мүмкін кейбіреулеріңіз бұған келіспессіздер. Дегенмен бұл шындық. Мәселен алғаш ғашық болған кездеріңізді естеріңізге түсіріңіздерші. Әне, жымыңдап отырсыздар. Неге? Машақаты көп болды емес пе? Алғашқы кездесудің өзі неге тұрады. Буын-буының босап, жүрегің аузыңа тығылып, демің жиілеп, еріндерің дірілдеп… Ох, шіркін!

Мен сіздерге бастан өткен бір жайды баян етейін. Қане бәріңіз жақсылап тұрып, құлақтарыңызды түріп тыңдаңыздар. Бірақ, ескертетін бір жай осы әңгімені естігеннен кейін ешбір жерде әңгіме қылмаңыздар. Себеп, әйелім естіп қойса махаббат машақат емес, мә, шатақ болуы мүмкін.

Әлқиса әлемдегі барлық бозбалалар сияқты бойды түзеп, шаштың артығын күзеп, әдемілеп тарап, айнаға қайта-қайта қарап, иіссу біткенге қырғидай тиіп, киімді таңдап киіп, шалбардың қырын пышақтың жүзіндей қылып, мұрт тез шықса екен деп мұрынның астын жиі-жиі қырып жүрген кез болатын. Сегіз жыл бойы бірге оқып жүрсек те дәл сол күнге дейін Айқыш дейтін жақсы оқитын қызды жақсы көретінімді аңғармаппын. Әлгі қыздың бетіне қарасам болды жүрегім тулап қоя беретін болды. Алғашында аса мән бермедім. Байқаймын уақыт өткен сайын осы бір түсініксіз жай күшейіп бара жатқан сияқты. Біртүрлі қорқа бастадым. Содан бір күні өзімнен екі жас үлкен көршінің баласы Бопырды оңаша шақырып алып айтып едім ол: -Ойбай, мынауың махаббат қой. Сен ғашықсың-деді.

-Кет-ей, қашығы несі-деп мен оршып түстім ғашық деген сөзді түсінбей.

-Өй, мақұлық, қашық емес ғашық. Былайша айтқанда сен-Төлеген, ол-Қыз Жібек. Енді түсіндің бе?

-Қойшы әрі, сонда мені Бекежан сияқты біреу атып кете ме?

-Ол да мүмкін. Егер қызың әдемі болса Бекежан, Қодар, Мотан сияқты конкуренттер көп болады.

-Әй,  Бекежан мен Қодарың түсінікті. Ал Мотаның кім?

-Ей, ана менің қызыма таласып жүрген көрші ауылдың қуы.

-Ә, сол Мотан сенің қызыңды айналдырып алып қашып кетсе не істейсің?

-Кет-ей, жағың қарысқыр. Менің сүйіктімде шаруаң қанша. Оданда ана өзіңнің ғашығыңды қалай қарататыныңды ойластырсайшы-деп Бопыр шамданып қалды.

-Ойнап айтам. Өкпелеме. Сен маған ақыл айт. Не істейін енді?

-Дереу хат жазу керек.

-Қалай?

-Қатырып.

-Қатырғанда не деймін?

-Мен сені сүйемін!

Сен үшін отқа да күйемін.

Сенесің бе, Айқышжан, махаббатқа?

Керек қылсаң атпын, түйемін,-деп өлеңдетіп жібер.

-Қой әрі, ат, түйесі несі? Оданда кәдімгі қара сөзбен жазайық. Сен маған көмектес.

Содан екеуіміз күні бойы отырып хат жаздық. Енді оны қызға бере алсамшы. Амалын іздеп көп қиналдым. Арада апта өткенде әупірімдеп жүріп үшбу хатты ғашығымның қолына тигіздім-ау әйтеуір. Одан кейін жүрегім алып ұшып түнде ұйқы, күндіз тамаққа тәбеттен айрылып қыздың жауабын күттім. Сөйтіп жүргенде бір күні жауап хатта жетті-ау. Жұрттан оңаша барып жалма-жан конвертті ашып кеп қалсам, өзім жазған хаттың қателерін қызыл сиямен баттитып тұрып сызып-сызып көрсетіпті де соңына «3» деген баға қойыпты. Сіздер күлмеңіздер, мен қайта 3 алдым ғой. Ал біздің кластағы көп жігіттер 2 алып кеткен.

АУЛА СЫПЫРУШЫ

Түн пердесін сыпыра түсіп таң атып келеді. Мүлгіген тыныштық. Көп қабатты студенттер жатақханасының тұрғындары әлі де қалың ұйқыда. Аяңдап осылай келе жатқан шалдан басқа маңайда жан жоқ. Қолында сыпырғыш. Келе  сыпыруға кірісті. Бұрындары ыңылдай әндетіп жүретін еді бұл шал. Соңғы кездері сол әдетінен жаңылған сыңайлы. Керісінше күбірлеп сөйлуді шығарған. «Қап, мынаның қорлығын-ай» деп шала бүлініп жүр ол. «Жалықсаң зейнетақыңды алып үйде неге отырмайсың» дейді ә? Көрермін ертең өзін… «Егер студенттер түнімен балконнан қоқыстарын лақтырмаса сіз жұмыссыз қалар едіңіз ғой. Сондықтан үндемей сыпыруды ғана біліп жүре бергеніңіз жөн» деп еді-ау анада. «Балық басынан шіриді» деген осы дағы. Бірақ комендант қатынның сөзінің жаны бар. Елімізде қалыптасқан жүйенің өзі сондай болса амал не?

Қария бүкшеңдеген күйі жатақхананың артына қарай жүрді. Ағаш басына ілініп қалған капрон шұлық қариядан ұялып, осы бір сәтте үп еткен желді пайдаланып қалың бұтаға жасырынуға әрекет еткендей желп-желп етті. Жоғарыдан әлгінде ғана «құлаған» темекі тұқылы жан тәсілім қыла алмай әлсіз бықсып жатыр. –Е, айналайындар-ай, сабаққа баратын уақыттары болған екен ғой,- деді шал күбірлеп,-төсектен тұра темекі тартатындары несі екен?.. Мынадай қымбатшылық заманда тиын-тебендерін тамаққа жинамай ма? Қазір бұл темекісі құрығыр да арзан емес шығар?

Сөйлей жүріп аула сыпырушы күл-қоқыстарды жинастыра бастады. Кенет сыпырғыштың басына мыж-мыж болған фотосурет іліне кетті. Қария жалма-жан қолына алып қыртысын жазды. Автоматты сығымдай ұстаған  әскери киімдегі балаң жігіт жымия қарап тұр. «Жаным Дүрияға әскери өмірден стелік» деген жазуы бар. Қария дәл қазір солдаттың Дүриясы балконда тұрғандай жоғары қарады. –Е, Дүрия енді сенің «жаның» емес басқанікі болды ғой,»- деп қария суретке тағы бір көз салды. Оның есіне отты жылдардағы жас шағы түсті…

Күндегі әдетімен жиыстырған қоқысты ақтарыстырып қарап отыр. Бүгін кәдеге жарар ештеңе көрінбейді. Тек қана:

«Уа, халайық, табиғатты аялайық!

Су, ауа, жерімізді бағалайық!

Жоғалып бара жатқан Аралымызды,

Көп болып қолға алайық, құтқарайық!» деген жазуы бар плакат оған қатты ұнады. –Е, қарақтарым-ай, табиғатты аялайық дей ме? Дұрыс қой, дұрыс…

Қария қалтасынан темекісін алып тұтатты.

НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Адам дегеніңіз қызық қой. Бәрін білем дейді. Бірақ біздің білгенімізден білмейтініміз көп әлі. Басқасын былай қойғанда өзімізді-өзіміз танып білдік пе? Мәселен, мына ішкі дауыс дегенді алайықшы. Жаның қысылғанда көмекке келетін, дәмі жоқ, иістен жұрдай деген анықтама беруге болады оған. Ғылымда интуиция деп аталады. Ал енді менің осы ішкі дауысым бар ғой сыртқы дауысыммен бәсеке. Біреуі бас десе екіншісі міндетті түрде құлақ дейді. Екеуінің егесі әбден асқынғаны сонша ештеңеге тұрақты пікірім жоқ. Бүгін біреуге ойымды дәлелдеп әлек болсам ертеңіне оны оп-оңай жоққа шығара салам. Кейде кісімен тәп-тәуір әңгімелесіп тұрып бас жоқ, көз жоқ ал сау болыңыз деп қоштасып кетіп қалам. «Асығып бара жатырма едің, кешірерсің» деп ол бәйек болып жатады. Мұның не, ұят болды ғой десем ішкі дауысым: «Түкте ұяты жоқ, уақытты үнемдей біл» деп өзімді оқытады. Қазір менен ағайын, дос-жаран түгелдей теріс айналып кетті. Ашығын айтсам абыройдан жұрдаймын. Бір күні ішкі дауысыма сен мені жынды қылатын болдың қойсаңшы деп ренжідім де. Ол сонда: «Өзімнің негізгі міндетімді жақсы білем. Сен бір нәрсеге бас қатырғанда көмекке келуім керек. Бірақ сенің басқалар сияқты ойланатын кезің жоқ. Іш пысқан соң осылай етуге тура келіп тұр. Дауласып жүрген қызық екен» деді.

Шынымды айтсам осы ішкі-сыртқы дауыстарымның тайталасынан әбден қажыдым. «Екеуімізде осы сорлыны паналап отырмыз, мәмілеге келейік» демейді ғой бұл бәтшағарлар.

Бұлардың күндестігін алғаш бозбала шағымда, бірінші рет қызға ғашық болғанымда аңғардым. «Әй, мынауың әдемі екен. Шамаң келсе сал құрықты» деді сыртқы дауысым. Жүрегім алып-ұшып дереу қызға хат жаздым. Обалы не қыз көңілімді жықпады…

Айнала мүлгіген тыныштық. Батыстан немесе шығыстан самал еседі. Аспанда толықсыған Ай, жан-жағында жымың қағып жыпырлаған жұлдыздар. Жүрегім тулап қызға сұқтана қарағаным сол ішкі дауысым шорт кетті: «Өзің вкус дегеннен жұрдай сорлы екенсің. Мынаның қай жеріне қызығып жүрсің» демесі бар ма? Бағанадан бергі өрекпіп тұрған көңіл су сепкендей басылды. Теріс айналып кеттім. Осы кезде сыртқы дауысым дүрсе қоя берді: «Өй, мақұлық, тыңдама оны! Мына қызды ертең басқа біреу қағып кетеді. Бұдан артық қыз таппайсың» деп. Өне бойым тағы да біртүрлі күйге еніп, жүрегім елжіреп қоя берді. Бірнеше күн дайындалған жүрекжарды сөзімді айта бергенімде ішкі дауысым: «Ойлан бала, жақсылап ойланған жөн»,-деп сыбыр ете қалды. Тағы да абдырап тұрып қалдым. «Түу-у не деген ынжықсың, ұста қыздың қолынан!» деп ақырды сыртқы дауыс. Қыздың қолынан шап бердім. Ол шыңғырып оршып түсті. «Қызық екенсіз ғой, неге қысасыз» деді ол жыламсырап. –Ауырып қалды ма? –Иә ауыртып жібердіңіз. –Кешір, мен ауыртайын деп ойлаған жоқпын. Қолынан ұста деген соң… –Сізге кім ұста деді? Бұл жерде бізден басқа ешкім жоқ қой. Әлде үйде біреу солай үйретіп жіберді ме?

«Мынауыңның мінезі қалай өзі» деді ішкі дауыс. «Бұл мінезі емес қылығы ғой, ештеңе жоқ айрылма» деді сыртқы дауыс. Шақшадай басым шарадай болды. Қызға емес айдалаға қарап лағып кеттім. Қыз «не дер екен» дегендей үнсіз тұр мөлиіп. «Сөйлесеңші» дейді сыртқы дауыс. «Ауызыңды ашпа» дейді ішкі. Әбден ыза болдым да қызға, -сен үйге бара бер, мен тағы да ойланып келейін дедім. Содан бері әлі ойланып жүрмін. Ол қыздың қазір бес баласы бар.

Ана бір жылдары суық өтті ме әлде көз тиді ме өне бойым құрысып қатты ауырдым. Дәрігерге бардым. Ол бірдеңе жоғалтқандай ауызымды ашқызып үңіліп ұзақ қарады. «Өмірінде ауыз көрмегендей өңмендегені несі. Осы құдай біледі түк білмейді» деді ішкі дауысым. Ауызымды жаба қойдым. Дәрігер селк ете қалды. «Сізге неболды?»-деді көзі бақырайып. –Ештеңе болған жоқ. Мен сізге ауызым ауырады деген жоқпын. «Ауырмаса да қарауым керек» деді ол қатқылдау дауыспен. «Емшіге қаралғаның дұрыс болар» деп кеңес берді ішкі дауысым. «Емшілердің ішінде ала аяқтар көп болады. Осы маманға емделгенің жөн» деді сыртқы дауыс. Ойланып-ойланып дәрігерге де емшіге де қаралмай қойдым екеуіне ерегісіп. Қазір әлгі ауру меншігіме айналды.

Ал енді мына сайлаудың кезінде қатты қиналам. Ана депутаттыққа кандидаттар өтірік уәдені үйіп-төгіп жатқанда ел қатарлы мен де сенем. Содан дауыс беруге барамын баяғы. Ойбай-ой, кабинаға кіріп алып жарты сағат қара терге түсем. Ішкі дауыс анау дейді. Сыртқы дауыс мынау дейді. Аяғында бәрін сызып тастаймын. Ылғи осы.

Ал енді бұлар бар ғой ерігіп отырғанда рахат. Бір-бірімен дауластырып қойып тыңдап отырсаң айтпайтын бәлелері жоқ. Кейде қызды-қыздымен еліміздің ішкі, сыртқы саясаты жөнінде пікір таластыратынын қайтерсің. «Ананың министр болуы дұрыс па? Ол бұрын бір облыста әкім болып жүргенде жеп қойған» деп біреуі шықса, екіншісі «Жаңылмайтын жақ, жаза баспайтын тұяқ болмайды» кім қателеспейді» деп қарсы шығады. Ондай кезде мен араласпауға тырысамын.Барамын да ұйқыға жата қалам. Бір жақсысы олар ұйқыма кіре алмайды.

Осындай күй кешіп жүргендер елімізде көп сияқты. Біресе олай, біресе былай дейтін сөзінде пәтуа жоқ ағаларды теледидардан жиі көрем. Оларды кінәламайықшы. Мен түсінем…

ТҰРМЫСТЫҚ ПАРОДИЯ

(Халық әні «Әттең тонның келтесі-айдың» ізімен)

Базар бардым бағымды сынайын деп еркесі-ай,

Жақсы сыйлық өзіңе алайын деп еркесі-ай.

Бағалары секіріп тұр,

Саудагерлер лепіріп тұр

Әттең тонның келтесі-ай!

Автобусқа бүгінде міну қиын еркесі-ай,

Болмаған соң қалтаңда тесік тиын еркесі-ай.

Кондукторлар кідіңдейді,

Жоқ дегенді түсінбейді.

Әттең тонның келтесі-ай!

Шіркін ешкім ауырмаса елімізде еркесі-ай,

Дәрі алатын ақша жоқта емделуге еркесі-ай.

Қымбат екен дәрілерде,

Қатты өзгерген дәрігерде.

Әттең тонның келтесі-ай!

Қиын болды бәрінен балаларға еркесі-ай,

Балабақша сатылуда «мырзаларға» ерксі-ай.

Сол бақшалар ішім сезеді,

Дүкен болып өзгереді.

Әттең тонның келтесі-ай!

ҚАҢБАҚ

Қаңбақ бүгін тағы да мас. Көрінген нәрсеге сүрініп қалбалақтап жүр байғұс. «Өзіндік пікірің жоқ. Өмірі желдің айдауымен желпілдейсің де жүресің. Қойсаңшы осы бір қадірсіз тірлігіңді!» деп деп өзге өсімдік ағайындар құдайдың құтты күні зарын қылады. Оған жаратылыс шіркінің солай болған соң ырыққа көнбейді екен. Кей кездері қаңбақ кәдімгідей ойланады. Негізі, түсінігі жоқ емес. Бірақ… Иә, осы бір «бірақ» бәле болып тұр… «Оны ешкім де түзетуге тиіс емес» деп сонау ықылым заманда ата-бабаларының бірі өсиет айтып кетіпті-мыс. «Серілік біздің іс. Оны қою өзіңді өлтірумен тең» деп басталады сол бір бұлжымас қағида. Ал сері болудың жөні осы деп онсыз да секеңдеп жүретін қаңбақтардың ішіп алып тым құтырынып кетуі кешегі емес, бүгінгі заманның жаңа дәстүрі. Жаңа болғанымен жалпыға бірдей сіңімді болып бара жатқан жайы бар.

Үсті-басы шаң-шаң болып әлгінде келіп құлаған қаңбақ әр нәрсені бір айтып сөйлеп жатыр. «Мен сені бар ғой, әкеңнің!»-деп кіжініп алған ол, әлден уақытта:

Сар даланы армансыз аралаймын,

Боқ дүниеге ешқашан қарамаймын.

Өтсін мейлі өмірім сайрандаумен,

Мен ешқашан уақыт санамаймын,-деп барылдаған даусымен әндете жөнелді. Күндегі әдеті осы. Ертең де өстеді. Ал өзге өсімдіктер болса өсіп-өркендеуге тырбанып жатыр.

БУДУЛАЙ

Менің ұлымның аты-Будулай. Күлмеңіз. Бұл шындық. Алғашында маған да күлкілі болған. Тіпті жаратпай тулаған да едім. Амал қанша… Жә, сіздерге түсінікті болу үшін әңгімені басынан бастайын.

Келіншегім аяғы ауырлаған соң демалыс алды. Бұрынғы жүріс-тұрыс кілт тиылып енді үнемі үйде отыратын болды. Әуелгіде «жақсы болды ғой»  деп қуанған еді. Уақыт өте келе ішім пысты деп қыңқылдайтынды шығарды. Көзі жәудіреп қарағанда қандай көмек көрсетерімді білмей қиналдым.  Бос уақытымда айналшықтап көңілін аулаймын. Әңгіме, ән айтамын. Ал жұмысқа кетсем болды ол терезеге телміреді. Алдансын деп дойбы, шахмат, домино сатып бердім. Бірақ сексенді алқымдап қалған шешем серік болып ойнай алмады. Дойбының тастарының түсін ажырата алмай әлекке салыпты. Небір тамаша кітаптарды да іздеп тауып әкелдім. Бір-екі күн қызығып оқыды да «басым айналады» деп қолына алмай қойды. Бас қатырып, бармақ тістеп қанша ойлансам да сүйіктімнің көңілін аулар дүние таппай амалым құрыды. Шаршап-шалдығып жұмыстан мен келемін, көзі мөлиіп алдымнан ол шығады. Сөйтіп жүріп жаттық…

Бір күні жұмыста иектің астына қолды тіреп қойып ойланып отырғам. Тамаша идея басыма сарт ете қалды. Айқайлап орнымнан атып тұрдым да далаға зыта жөнелдім. Әріптестерім шалық тиді деп ойласа керек соңымнан қуа шықты. Үрейленіп көздері бағжиып кетіпті. «Алла өзің сақтай гөр, Алла өзің сақтай гөр,»-деп жасы үлкендеу Бопыр деген жігіт білетін дұғаларын оқып әлек. Мән-жайды түсіндіріп жатуға уақыт жоқ әрқайсын кезек құшақтап мәзбін. Сол екі ортада біреуі «жедел жәрдем» шақыртып үлгерген екен. Міне салып дәрігерге дүкенге тарт менің емім сонда дедім. Түсінігі мол екен сөзге келген жоқ… Таңдап жүріп түрлі-түсті телевизордың бірін сатып алдым. Сондағы сүйіктімнің қуанғанын көрсеңіз… Енді ол сүтке тойған қозыдай томпиып теледидар алдында тапжылмай отыратын болды. Өңі кіріп, тәбеті де ашыла түсті.

Бәрі сол «Цыган» филімінен басталды. Перзентханаға барарынан бір апта бұрын сол киноны үздігіп көріп жүрді. Мен жұмыстан келгенде Будулайды айтып аузының суы құритын. Алғашында елемедім. Байқаймын, күн өткен сайын Будулайға деген сезімі артып бара жатқан сияқты. Менің бойымнан Будулайға ұқсас қасиеттер іздейтінді шығарды. Дүкеннен дәл соныкіндей шляпа да алып берді. Ұнамаса да көңілін жықпай киіп жүрдім. Енді бірде: «Сен сақал-мұрт қойсаң Будулайдан аумайды екенсің» деп соқты. Жүйкеме тие бастады. Будулайды жек көріп кеттім. Жолдастарыма айтып едім олар: «Оның несін уайым қыласың. Жүкті әйелдің әдеті сол бір нәрсеге жерік болады» деп жұбатты.

Ай-күні толып келіншегім аман-есен босанды. Дүниеге торсық шеке ұл келді. Қуанышта шек жоқ. Той жасадық… Ел аяғы басылған соң бөпемді қолыма алдым. Кішкентай ғана тіршілік иесі бұлқынып қояды. Ал енді азан шақырып атын қояйық деп шешем мен келіншегімді шақырдым. «Кеше өзіміз атын қойып қойғанбыз. Оның аты-Бодабай» деп шешем немересін құшырлана иіскеді. Түкке түсінбей келіншегіме қарадым. Ол туу туралы куәлікті ұстата берді. Үңіліп қарасам «Будулай Таласұлы» деп жазылған екен. Мұндайда не істерсің? Ішімде аю өліп, арыстан тұншығып жатса да сездірмейтін сабырлы қалпымды сақтадым. Куәлікті үстел үстіне қойдым да ұлымды алып бір иіскедім. Содан кейін Бөрібасар болсаң да аман бол дедім.

ҚЫСҚА ҚАЙЫРЫМДАР

ҚҰРМЕТ

Облыс әкімшілігі Бопыр ақсақалды 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтай отырып жастық шағын өткізген жерлерге қыдырып барып қайтуына мүмкіндік жасау үшін жол шығынын өз мойындарына алды.

Сөйтіп ол ақсақал Қарлагқа, Степ лагқа және Мәскеудегі Бутырка түрмесіне барып қайтты.

АРМАН

Журналист: -Әже, міне 90 жасқа келдіңіз. Талай дүниені көрдіңіз. Талай жайтқа куә болдыңыз. Арманыңыз бар ма, бүгінде?

Әже:-Бар шырағым, арман көп қой. Қайсыбірін айтайын.

Журналист: -Ең бастысын айтыңызшы!

Әже:-Шырағым, «Санта-Барбараның» соңғы сериясын көрсем деймін. Бірақ ол құрып қалғырдың бітетін түрі жоқ. Көре алмай кетемін бе деп қорқамын.

ОҚЫДЫ

Студент Бопыр Әбәжақов төсектен тұра «Бүгін бір мықтап дайындалайын» деп  өзіне-өзі серт берді де, кітапханаға келді…

Кешкісін оның курстастары жиналып ауруханаға барып хал-жағдайын сұрады.

ЕРТЕГІ

Бір күні қу түлкі жүгіріп келе жатып арыстанға кездесіп қалады. Арыстан аш екен.

-Әй, түлкі, менің шегім шұрылдап тұр, сені жеймін.

-Жей алмайсың.

-Неге?

-Мен СПИД-пен ауырам.

-?

Міне , балалар, қу түлкі осылайша арыстаннан құтылып кетіпті.

ЕМТИХАН

Мал дәрігерлік институтта емтихан жүріп жатыр.

Профессор:-Егер мал жұқпалы аурумен ауырса не істейміз?

Студент:-Етке салып жібереміз.

Профессор: Шырағым-ау, сонда қалай? Ол малдың етін жеген адамдар ауруға шалдығады ғой.

Студент:-Бұл сұрақтың бізге қатысы жоқ деп ойлаймын.

Профессор:-Неге?

Студент:-Себебі ауырған адамды біз емес дәрігерлер емдеуге тиіс.

ТҮСІНДІРДІ

Аялдама. Дірдек қағып автобус күтіп тұрған халық. Бұл қалаға бірінші рет келген болуы керек жолаушылардың бірі баратын жеріне қандай автобус жүретінін білмей көрінгеннен сұрап жүр.

-Аға, айтып жіберіңізші, «Қарағанды» қонақ үйіне немен баруға болады?

-Таксимен.

-Жоқ. Менің таксиге ақшам жетпейді. Қандай автобуспен  барсам екен?

-Қызыл, сары немесе көк автобустармен бар.

-Жо-жоқ, сіз түсінбедіңіз. Мен нөмірін сұрап тұрмын.

-Нөмір дейсің бе? Әй,оны есте сақтау қиын ғой. Дегенмен бірер автобустың нөмірін айтып көрейін. М 85-69 АСМ немесе М 48-52 АПТ

SOS

Мектепте жағрапия сабағы жүріп жатыр.

Мұғалім:-Бүкіләлемдік негізде қабылданған  «sos» деген сигнал қауіп-қатер төнгенін білдіретінін жақсы білесіңдер. Ал енді осыған қайсың талдау жасап берер едіңдер?

Бірінші оқушы:-Бұл орысша айтқанда спасите, оу, спасите деген сөздерінен болса керек.

Екінші оқушы:-Жоқ. Мен бұған келіспеймін. Бұл кәдімгі өзіміздің қазақ тіліндегі сорладық, ойбай, сорладық деген сөздің бас әріптерінен алынған.

АМАНАТ

Кезінде тайлы-тұяғы қалмай дауыс беріп құрмет көрсеткен депутаттарының өзге депутаттар сияқты мәселе көтеріп сөйлемегеніне күйінген сайлаушылары «айналайын-ау, тым болмаса теледидардан бір көрінсеңші» деп хат жолдапты. Содан ол қатты толқыған екен. Өзін қолдаушылардың аманатын орындайын деп бірнеше күн дайындалады да бір отырыста төрағадан сөз сұрап сөйлейді:

«Құрметті сайлаушыларым! Хаттарыңызды алдым. Дәл қазір мені теледидар экранынан көріп отырған боларсыздар. Егер көрмей қалғандар болса көргендер айтар деген үміттемін. Сау болыңыздар!»дейді.

ПЕНДЕ

Жұрт қаумалап ортаға алған жалғыз кітаптың авторына қызыға да қызғана қараған 10 кітаптың авторы «Апырым-ай, осы жұрт мені білер ме екен, жоқ па екен?» деген ойға қалды.

ҚЫЗЫҚ

Күн шықты. Жұрт мәз. Жарқырап төбеге көтерілді. Ешкім елең етпеді. Батып бара жатыр. Барша ел қимай тұр.

ҮШ ТҮРЛІ ӘН

Тәй-тәй басқан үшеу келе жатыр. Ел кішісіне сүйіне, ортаншыға күйіне, үлкеніне мүсіркей қарасты.

САУАЛЫНА ЖАУАБЫ

«Қысты күні не қатпайды далада?»-

деп сұрақты қойды ұстаз балаға.

Жауап берді ол, ойланбастан былайша:

«Ып-ыстық су көп ағатын қалада.

***

-Амансың ба, шырағым, қалың қалай?

-Жұмбақтасам Қарағанды жолдарындай.

-Түсінікті жұмбағың айналайын,

айтпасаң да болады әрі қарай.

ҚАРА ҚАЛПАҚ  ЖӘНЕ БАСҚА ҚАЛПАҚТАР ХИКАЯСЫ

Қайран қара қалпағым кешір мені,

өзім емес, әйелім менсінбеді.

Киіп шықсам көшеге ұрысады,

Тасташы деп мына бір кекимені.

Базардан алып едім таңдап тұрып,

Көрді де Меруерт күлді мазақ қылып.

Өмірімде өзім алған бір киімді,

Сүйіктім ұнатпады-ау сан соқтырып.

***

Тізіп қойып үш қалпақты құдай-ай,

Кие алмадым әйеліме ұнамай.

Төртіншісін дереу табу керек-ақ,

Қара суықта басым қатып жыламай.

Қалпақ деген түске жиі кіреді.

Қол ұстасып ойнап, билеп жүреді.

Алайын деп ұмтылсам ұнағанын,

Меруертің ұрсады деп күледі.

АЛИК, МАЛИК ОРТАСЫНДА ШАРИК

«Күтіп ал…» деген бір-ақ ауыз сөз жазылған тілдей қағаз қолыма тиісімен алып-ұшып вокзалға жеттім. «Кешігіп қалыпсыз…» – деді ,сыпайы ғана анықтама бюросында отырған секпіл бет сары қыз. Күлімсі иісі қолқаны қуырған жолаушылар залын қарадым. Шөбеннің өзі де өмірі соңынан қалмайтын сабалақ иті Шарик те көрінбеді. .Бөтен қалада адасып кетті-ау деген күдікті оймен сол маңайда біраз жүрдім, жоқ. Бар амалым құрып ұнжырғам түсіп вокзалдан шыққаным сол еді, Шөбеннің шыр-шыр еткен дауысы келіп жетті құлаққа. Білмейтін жердің ой-шұқыры көп деген бірдеңеге ұрынып қалмаса игі еді. Етегімді қолыма алып дауыс шыққан жақты бетке алып тұра жүгірдім…

Тізерлеп отырып алып, алдындағы аржаның үстінде үш оймақты оңды-солды жүгірткен қара жігіт:

Алик пен малик,

Ортасында-шарик.

Ақшаңды саласың,

Ұтсаң еселеп аласың.

Ұтылсаң үйіңе барасың… деп жырлап отыр. Қаумалаған жұрт әлгінің айтқанын тыңдап ұйып тұр. Ал керек болса, Шөбенім әлгінің алдына жайғасыпты. Қолында 1000 теңге. Дәл өзі. Тіпті жанындағы итін де жазбай таныдым. Ойыншы жігіт «шарик, малик» деген сайын сыпырғыштың тұтылылып қалған басындай құйрығын бұлғаңдатып қояды.

-Әй, Шөбен!

-Ау, ойбай, амансың ба, ей? -Шөбен отырған жерінен тұруға шамасы келмей етегімнен тартып еңкейтіп алып бетімнен сүйді.

-Тұр. Кеттік.

-Қазір, мына 5000 теңгені құдай өзі бергелі тұр екен ұтып ала қояйын.

-Ұта алмайсың. Әуре болма.

-Қазір қара да тұр…

Екі беті қып-қызыл болып ойынға әбден құмартып алған Шөбен бірінен кейін бірін үш-төрт мыңды тағы да салды. Ұтқан бір тиыны жоқ. Қалтасы қағылған ол алақтап жан-жағына қарады. Әлден уақытта: «Ұтысқа итімді салсам аласың ба?» деді. Шарик өзін саудалап жатқанын қайдан білсін, иесіне еркелей қарайды. –Келістім,-деді ол. Жұрт не болар екен деп үймелей түсті.

Алик пен малик,

Ортасында –шарик.

Итіңді саласың,

Ұтсаң сенікі,

Ұтылсаң менікі,-деп жырлады енді ойыншы жігіт.

-Әй, Шөбен итке обал жасама,-дедім шынымен жаным ашып. «Әкемнің мұраға қалдырған дүниесі емес, барсын»,- деп Шөбен бір оймақты көтеріп қалды. Шарик жоқ. Қап деп санды бір соққан Шөбен иттің қарғы бауын әлгіге ұстата берді.

Аялдамаға қарай келе жатырмыз. Біртүрлі итті қимай қипақтап соңыма қарай бердім.

-Бұл жерге қайдан келіп едің?

-Қайдан білейін. Елдің бәрі ентелеп тұрғанға..

Кенет арт жақтан біреулер шыңғырып жіберді. Әлгінде ғана үймелеп тұрған жұрт жан-жаққа бытырай қашып барады. Не болды екен?.

«Мынау кімнің иті» деді  қайдан келгені белгісіз сол сәтте сол жерде пайда болған милиция сұқ саусағымен Шарикті нұсқап. Ешкім үндемеді. Әбден ызаланып алған ит жұртқа жағалай ырылдап сес көрсетіп әлек. Бір мезетте Шөбенді көріп құйрығын бұлғаңдатты. Ит біздікі дедім мен…

Шөбен, Шарик және мен милицияның алдына түсіп алып томпаңдап келеміз. Көпшілік болса қызықты ойынға қайта бас қойды.

АТЫ ЖОҚ ӘҢГІМЕ

…жиналыс көп. Әртүрлі. Партиялардың. Ұйымдардың. Әкімдердің

Әркімдердің. Бәрінде өзекті мәселе… Жиналыс журналисті жарылқайды.

Жаңалықпен. Жалықтыратын да сол.

…мына жиналыс өзгеше. Мүлдем бөлек. Жиналғандар еркектер. Тақырып-әйел. Президиумда жасамыс отыр. Шашы буырыл. Қабағы сәлең. Бұл жерге зорлықтың күшімен келгендей. Күрсіне береді… «Бұл өзекті мәселе. Кеңесіп келіспей болмайды». Жиналыстың мәнін жасамыс осылай түсіндірді. «Пікір айтуды бастайық»,-деді ол сәл үнсіздіктен кейін. Мінбеге жұқалтаң жігіт шықты. Шашы сирек. Құлағы біраз бар екен. Шамалы жөткерініп тұрып сөйледі: -Әйелім оңбаған. Ішкіш. Қой десем өзімді боқтайды. Төбелеседі. Мас болып келіп балаларды ұрады. Өте тәрбиесіз жан.

Залдан біреу жылап жіберді. Өксіп отыр. Жұрт оған ошарылды.

-Не болды,-деді президиумдағы.

-Анамды сағындым.

-Қайтыс болып па еді?

-Тірі.

-Ауылда ма?

-Қарттар үйінде.

-Қайтесің енді…

Әр жерден әлгіні қоштағандардың қорсылы естілді. Жұқалтаң бір стақан су ішті де «болдым» деп мінбеден түсті. Қараторы, орта бойлы көтерілді: -Менікі ақшаға тоймайды. Қанша тапсам да қанағат жоқ. Үйдегінің бәрін төркініне тасиды.

Президиумдағы түртіп алып отыр. Қабағын түйіп басын шайқап қояды. Анау кетіп келесі келді мінбеге. Ұзынтұра. Жағы суалған. Қоңқиған мұрын үстінде көзелдірік. Салалы саусақтарын сыртылдатып тұрды да көзілдірігін шешті. Қалтасынан орамал алып көзін сүртті. Көзілдірікті қайта киді. –Менде тұрақты дос жоқ. Туыстарым да келмейді үйге. Өзім де… Қысқасы қатынас қайын жұртпен ғана. Мен осыны айтайын деп… Адымдап барып орнына отырды.

«Енді мені тыңдаңыздар!»,-деді президиумдағы. – Отасқанымызға отыз жылдан асты. Бала жоқ. Жаратқан ием бермеді дей алмаймын… Ит асырап отырмыз. Біз соның папасы мен мамасымыз. Байқап отырсыздар бәрімізде проблема бар. Қайтсек болады? Қандай амал бар?

«Ұйым құрайық!». Залдан біреу дауыстады. «Орынды ұсыныс»,-деді тағы біреу. –Мен қолдаймын деп жиналысты жүргізуші оң қолын көтерді,-дауысқа салайық. Жұрт қол көтеріп жатыр. Қозғалған жоқпын. –Түгелге жуық қолдады. Ұйым қалай аталсын,-деп президиумдағы жұртқа сұрау салды. «Әйелдерінен қағажу көрген еркектер қауымдастығы болсын»,- Бағанағы жұқалтаңның ұсынысы. –Парламентке өтініш жасаймыз. Заң қабылдату керек». Мен қолымды көтердім. Сөйлеңіз дегенді жүргізіп отырған ишарамен білдірді. Орнымнан тұрдым. – Ұйым әйелдерінен қағажу көрген ез еркектер қауымдастығы аталсын. Президиумдағы орындығын сықырлатып қозғалақтай берді.

-Сіз кімсіз өзі?-Дауысы қатқылдау шықты.

-Журналистпін.

-Кім жіберді?

-Бастық.

-Жаз деді ме?

-Жазам. Айтыңызшы кім кінәлі осыған?

-Қоғам.

-Қоғамға кім кінәлі?

-Сіз барыңыз.

Әр жерден «кетсін», «шығарып жіберу керек» деген ашулы дауыстар шықты.

-«Сіз бізге бөгет жасап отырсыз». Жүргізуші орнынан тұрып есікті нұсқады. Шығып жүре бердім…

Автобуста кісі көп. Кондуктор кіжініп сөйлеп жүр. Қасыма келді де «за проезд» деді. Қазақ әйел. Төледім. Терезеден сыртқа қарадым. Қар жауып тұр. Бір топ әйел жол тазалап жүр…

Редакцияға келдім де кабинетке кіріп есікті кілттеп алдым. Жазу керек. Қалай? Көргендерімді, естігендерімді ой елегінен өткізіп отырмын. Көз алдымда өңшең мұңды бейне. Құлақта ызың… Орнымнан тұрдым. Отырдым. Ерсілі-қарсылы жүрдім. Тоқтай қалдым. Қолымнан қаламым түсіп кетті. Жоқ мен мұны жаза алмаймын…

ЖУРНАЛИСТ ПЕН ҚАСҚЫР

Журналист пен қасқырды бір-біріне қатты ұқсатамын.Оларды аяқтары асырайды. Қазақтың «жүргенге жөргем ілінер» деген мақалы журналистің де, қасқырдың да өмірлік басты қағидасы. Қасқыр қой аңдиды, журналист ой аңдиды. Екеуі де жемтіктеріне жету жолында бастарын қатерге тігеді.

*   *   *

АҚША МЕН ЖЕЗӨКШЕ

Екеуі де адамды қанағаттандырған соң келесі біреулерге қызмет көрсетуге асығып тұрады. Екеуі де тұрақсыз және үнемі сұранысқа ие. Екеуі де тазалықтан ада.

*   *   *

БІЗГЕ ТӘН ЕЛТАҢБА

Ресейдің елтаңбасын көрген сайын ойға қаламын. Екі басы бар самұрық құс. Осы бейне олардан гөрі қазіргі біздің елдің болмысын толық ашып көрсететін сияқты. Неге дейсіз ғой? Қараңыз, бізде бәрі екеу. Мәселен, елдің негізгі ұлты қазақты  алайық.  «Дәстүрлі» және «мәңгүрт» болып екіге бөлінеді. Қолданыстағы тіліміз де екеу: қазақ және орыс тілі. Республикадағы негізгі діндер-ислам мен христиан. Мұны да қосып қойыңыз. Сондай-ақ, ең құзырлы органымыз Парламентте Сенат пен Мәжіліс деген екі палатадан тұрады. Астанамыз да екеу. Біреуі кәдімгі ресми, екіншісі  «оңтүстік астана» деп аталатын бейресми. Екі жаңа жылымыз бар: бірін қаңтарда, екіншісін наурызда қарсы аламыз. Соңғы кезде екі әйел алу мәселесі де жиі көтеріліп жүр… Ал енді осыдан кейін менің пікірімнің есі дұрыс емес деп көріңіз.

*   *   *

ҮЙЛЕНУ

Үйлену – өз еркіңмен қойныңа жылан салу. Онымен өмір бойы арбасып өту. Егер ол шақпайтын болып кездессе – бағың жанды. Ал улы болса сорыңды қайнатып шағады да отырады. Жыланның тісін қағып алып залалсыздандыруға болады ғой. Бірақ ондай шеберлер сирек кездеседі.

*   *   *

ҚЫЗЫҚ

Күн шықты. Жұрт мәз. Жарқырап төбеге көтерілді. Ешкім елең етпеді. Батып бара жатыр. Барша ел қимай тұр.

*   *   *

ҮШ ТҮРЛІ ӘН

Тәй-тәй басқан үшеу келе жатыр. Ел кішісіне сүйіне, ортаншыға күйіне, үлкеніне мүсіркей қарасты.

 
 

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out / Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out / Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out / Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out / Өзгерту )

Connecting to %s

 
%d bloggers like this: